KZNEWS.KZ
Әлеумет

Алматыда BE WOMAN 2026 халықаралық әйелдер форумы өтеді

• Асқар Алтайұлы
Фото: instagram/bewoman.asia

Биылғы форумның тақырыбы – «Этика күші», деп хабарлайды kznews.kz.

Ұйымдастырушылар жасанды интеллект адам өміріндегі маңызды шешімдерге барған сайын көбірек ықпал етіп жатқанын атап өтеді. Осыған байланысты форумда «қабылданған шешім мен оның салдары үшін жауапкершілік кімге жүктеледі?» деген мәселе кеңінен талқыланбақ.

BE WOMAN ASIA 2026 халықаралық спикерлерінің қатарында Facebook Live жобасын жасаушылардың бірі Рэнди Цукерберг, Mosaic браузерін әзірлеуге қатысқан кәсіпкер және технология саласының көшбасшысы Пинг Фу, екі дүркін «Оскар» иегері, режиссер Шармин Обейд-Чиной бар.

Сондай-ақ форумға супермодель, филантроп, Naked Heart Foundation қорының негізін қалаушы, UNFPA ізгі ниет елшісі, инвестор әрі Special Olympics халықаралық кеңесінің мүшесі Наталья Водянова қатысады.

Спикерлер қатарында британдық парфюмер, Jo Loves брендінің негізін қалаушы Джо Малон CBE, жасанды интеллект саясаты мен оны реттеу саласындағы халықаралық сарапшы Тити Акинсанми, Women in Tech Global негізін қалаушы Аюми Мур Аоки және G20 EMPOWER бастамасының Франциядағы өкілі Кьяра Коразза да бар.

Қазақстандық спикерлер қатарында Ұлттық ғылым академиясының академигі, онкология саласының сарапшысы Диляра Қайдарова, қоғам қайраткері Ләззат Қалтаева, Ferragamo сән үйінің аға дизайнері Абзал Исабеков, Гарвард университетінің түлегі, EdTech платформасының негізін қалаушы Әсел Амангелді бар.

Сонымен бірге форумға Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан өкілдері қатысады.

BE WOMAN ASIA 2026 алаңында жасанды интеллект, технология, кәсіпкерлік, көшбасшылық, білім, денсаулық, мәдениет және инклюзия мәселелері сөз болады.

Форумның негізгі бағдарламасы 15 қазанда Алматыдағы Республика сарайында өтеді. Ал 16 қазанда бағдарлама уоркшоптар, менторлармен кездесулер және дөңгелек үстелдер форматында жалғасады.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →