KZNEWS.KZ
Аймақ

Алматыда 2030 жылға қарай қоғамдық көлікпен қатынау санын 64%-ға арттыру жоспарланып отыр

• Айжан Сыланова

2030 жылға қарай Алматыда қоғамдық көлікпен тәулігіне қатынау санын 2,3 млн-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл бастапқы көрсеткіштен шамамен 64%-ға жоғары. Аталған мақсатты көрсеткіштер қаланың Бас жоспарын түзету кезінде де сақталады. Бұл туралы «Алматыбасжоспар» ҒЗИ басшысы Асхат Сәдуов мәслихат депутаты Садир Хамраевтың Алматының көлік жүйесін дамыту жөніндегі сұрағына жауап беру барысында айтты, деп хабарлайды kznews.kz.

Асхат Сәдуовтың айтуынша, негізгі міндеттердің бірі қоғамдық көлікті тұрғындар үшін барынша қолайлы ету. Бұл жеке автокөлікті пайдалану қажеттілігін азайтып, жолға кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.

2040 жылға қарай Бас жоспарда жеке автокөлікті пайдалану деңгейін бастапқы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 20%-ға төмендету қарастырылған.

Сонымен қатар қоғамдық көлік желілерінің жалпы ұзындығын қазіргі 981 шақырымнан 2030 жылға қарай 1 040 шақырымға, ал 2040 жылға қарай 1 214 шақырымға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, жұмыс орындары мен күнделікті қажетті қызметтерді тұрғын аудандарға жақындату үшін бес полиорталықты дамыту көзделген. Бұл қала ішінде алыс қашықтыққа қатынау қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.

Халық санының болжамы нақтыланған сайын жолаушылар тасымалына деген қажеттілік те қайта есептеледі.

Көлік жүйесін дамыту нәтижелері жолға кететін уақыт, қоғамдық көліктің қозғалыс жылдамдығы және аудандар арасындағы қатынаудың қолайлылығы секілді көрсеткіштер бойынша бағаланады.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →