Алматы қалалық соты марқұм композитор Арман Дүйсеновтің жұбайы Айсұлу Алпысбаеваға қатысты даулы істі қайта қарап, бірінші инстанция шығарған үйден шығару туралы шешімнің күшін жойды. Соның нәтижесінде композитордың жесірі, кәмелетке толмаған ұлы және қарт әкесі баспанасын сақтап қалды, деп хабарлайды kznews.kz 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме беріп.
Бұл дау Арман Дүйсеновтің 21 жастағы ұлы Абылай Дүйсенов қайтыс болғаннан кейін ушыға түскен. Әкесі өмірден өткен соң, Абылай отбасының қарыздарын өтеу үшін Санжар есімді танысынан қарыз алған. Айсұлу Алпысбаеваның айтуынша, әлгі адам ірі соманы пәтерді кепілге қою арқылы берген.
Алайда кейін Абылайдың атына пәтерді сатып алу-сату туралы келісімшарт рәсімделгені белгілі болды. Оның үстіне, құжаттағы көрсетілген сома баспананың нарықтағы құнынан әлдеқайда төмен болған.
Өткен жылдың қазан айында Алматы қаласының Бостандық аудандық соты Айсұлу Алпысбаеваны, оның кәмелетке толмаған ұлын және қарт әкесін үйден шығару туралы шешім шығарған. Бірақ Айсұлу Алпысбаева бұл үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді.
Апелляция барысында тарап ұсынған уәждер мен дәлелдер жеткілікті деп танылып, бұл жолы Алматы қалалық соты бірінші инстанцияның шешімін жойды.
“Алып-сату шарты тек формалды түрде жасалған. Арман Дүйсеновтің ұлы Абылайдың пәтерді сату ниеті болмаған. Ол тек жылжымайтын мүлікті кепілге қойып, қарызға ақша алу туралы келісім жасаған, ал сату мәселесі мүлде айтылмаған”, – дейді адвокат Тілеужан Кішкенебаев.
Сот отырысында екінші тараптың өтініші бойынша түсірілім тобына видеоға түсіруге және аудиожазба жүргізуге тыйым салынды. Композитордың ұлының досы әрі баспанаға үміткер болған Санжар пікір білдіруден бас тартты.
“Менің құқықтарым толық қорғалды. Шешімге көңілім толады, оны әділ деп санаймын. Баспанамызды сақтап қалуға және әділ шешім шығуына ықпал еткен барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Адвокаттарыма ерекше алғыс айтамын”, – деді Айсұлу Алпысбаева.