Алматы облысының Қарасай ауданында үшем шетінеп кетті. Оқиға Қаскелеңдегі орталық ауруханада болған.
28 жастағы жас ана Айдана Оразбаева 25–26 апталық жүктілікпен үш ұл босануы керек болатын. Өкінішке қарай, үш сәби де шетінеп кетті. Туыстарының айтуынша, Айдана жүктілігінің соңғы айын ауруханада сақтауда өткізген. 18 - шілдеге қараған түні толғақ басталған. Жүкті әйеллі алдымен Жамбыл аудандық ауруханасына, кейін Каскелеңдегі Қарасай аудандық көпсалалы орталық ауруханасының перзентханасына жеткізілген.
Отбасы өкілдері дәрігерлер әйелге кесарь тілігін жасау қажет екенін айтқанымен, кейін табиғи жолмен босандыру туралы шешім қабылданғанын мәлімдейді. Нәтижесінде үш бала да шетінеп кеткен.
Туыстарының айтуынша, екі сәбидің қайтыс болғаны бірден хабарланғанымен, үшінші баланың өлімі туралы әкесі кейін, кездейсоқ білген. Олар балалардың өлім себебі де түсіндірілмегенін айтып отыр.
Ал аурухана басшылығы дәрігерлердің хаттамаға сәйкес әрекет еткенін мәлімдеген.