KZNews.kz
Әлеумет

Алматы облысындағы "жер мафиясы": жұқпалы аурудан өлген малды көмген жер неге пайдалануға берілді?

Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Елімізде ұзақ жылдар бойы жер қатынастарына қатысты ашық саясат жүргізілмегені шындық. Оның зардабы да ұзаққа созылатыны анық.

Қазірдің өзінде жаппай жекешелендіру, алыпсатарлық, заңсыз құрылыс сияқты орасан әлеуметтік-экономикалық мәселелерге барып тірелген сындарлы жағдайлармен күресуге кірістік. Кейінгі екі-үш жылдың көлемінде жерге қатысты мемлекет ұстанымы өзгеріп, бұл саланы реттеуге құқықтық тұрғыда назар аударылды.

Өңірлерде заңсыз жекешеленген, пайдаға жарамай бос жатқан алқаптардың жайын бірнеше рет қозғағанбыз. Бұл жолы жекеменшік үй құрылысына бөлінген жер телімдеріне қатысты бірер мәселеге тоқталайық.

Жалпы, жерді жеке тұрғын үй мақсатында пайдалану тақырыбы өте нәзік мәселелерді қаузайды. Ең біріншісі – жер саудасы. Ел аузында мегаполистерге жақын аумақтарда жерді жекеменшікке айналдырып, сатумен айналысатын азулы топтар бар. Ұйымдасқан топтардың жұмысы жылдар бойы жолға қойылып, қалыпты құрылымға айналған-мыс. Бұл топтың құрамына жергілікті атқарушы биліктің лауазымды тұлғаларынан бастап, құқық қорғау органдарының өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестер мен ақсақалдар алқасының мүшелері сияқты адамдар кіреді екен. Мақсатты түрде жұмыс істейтін осы "жер мафиясының" міндетіне мемлекет иелігіндегі жер телімдерінің пайдалану мақсатын өзгертіп, жеке тұрғын үй салуға рұқсат беру, оны делдар арқылы жеке адамдарға сатуды ұйымдастыру сияқты істер жатады. Бастысы, бұл істе үлкен көлемде қаржы айналымы бар.

Әрине, жеке тұрғын үй салу үшін жер телімдерін алу – азаматтар үшін баспаналы болудың басты қадамы болып табылады. Жер кодексі бойынша әрбір азаматқа 0,10 гектарға дейін жер телімін тегін алу құқығы берілген. Бұл мүмкіндікті пайдалану үшін азаматтар арнайы өтініш тапсырып, кезекке тұрады.

Дерекке қарасақ, 2023 жылы елде жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімдері 8 805 адамға берілген. Алайда, жер телімін алғысы келетін азаматтар саны өте көп, кезекте тұрғандардың саны шамамен 3,9 миллион адамнан асады екен. Бұл көрсеткіш жерге сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Ал биыл 4 мың жер телімі азаматтарға берілуге тиіс.

Аймақтар бойынша жағдай әртүрлі: мысалы, Алматы облысында 2024 жылы жер телімін күтіп жүргендер саны 1 210 569 адамды құраған. Негізі бұл адамдар кезекті ұзақ күтетіні анық немесе жер алу арман күйінде қалмақ. Өйткені, қала маңдарында, әсіресе Алматы және Астана қалаларында, бос жер телімдері өте аз немесе мүлдем жоқ.

Бұл жерде тағы бір мәселе бар. Жерді бөлу мен беру мүмкін болғанымен, оның баспана салуға жарамдылығы маңызды. Яғни, жер телімдерін алу процесі барысында маңызды аспектілердің бірі – инфрақұрылымның болуы. Су, электр қуаты, жол қатынасы бар жер телімдері азаматтарға бірінші кезекте ұсынылады. Сондықтан әр өңірде телім алу мүмкіндігі әртүрлі, ал қала маңындағы жерлерде телімдер аз.

Айтпақшы, жекешеленіп, сатылып кеткен жер телімдерінің орналасқан аумағына қатысты да дау жиі шығады. Стратегиялық мақсатқа орай пайдаланылатын аумақтардағы телімдердің сатылып кетуі немесе өндірістік аймақтардағы шектеу сызығына кіретін аумақтарды заңсыз жекешелендіру сияқты әрекеттердің соңы билік пен бұқара арасындағы текетіреске дейін жеткен жағдайлар бар. Ел тарихындағы Шаңырақ, Бақай оқиғалары бұған мысал.

Сараптап көрсек, жер мәселесіне қатысты даудың дені Алматы облысында болады екен. Алматы сияқты алып мегаполистің айналасындағы жер саудасы да еш тоқтаған емес. Жоспарсыз жер саудасынан кейін салынған жаңа құрылыс аумақтары облыс билігі үшін қосымша күш жұмсайтын алаңға айналған.

Әсіресе урбанизация үдерісінің оңы мен терісі таразы басына шығып тұр. Үлкен әлеуметтік-экономикалық  сұрақ туады. Біз бұл туралы да бұрын жазғанбыз. Және бұл мәселенің толық шешімі жақын арада табалады дегенге сену қиын.

Жақында осы Алматы облысында тағы бір даудың құлағы қылтиды: әлдеқашан игеріліп, ендігі ауылға айналған аумақтардың санитарлық жағдайына қатысты. Іле ауданына қарасты бірнеше ауылдың аумағында бұған дейін аса қауіпті жұқпалы аурудан өлген мал қалдығын көметін орындар анықталған. Мысалы, Іле ауданына қарасты Кіші Байсерке ауылы аумағында бұрынғы мал көметін орынға қатысты жаңа деректер жарияланды. Өлексе қорымының анықталуы өңірде жұқпалы мал ауруларының таралу қаупіне қатысты алаңдаушылық туғызып отыр.

Мәлім болған дерек бойынша, бұл аумақта екі рет қауіпті ауру белгісі анықталып, ауруға шалдыққан мал жойылған. Ол өткен ғасырдың 1958 және 1968 жылдары болыпты. Архив құжаттарында Кіші Байсерке маңындағы ескі қорымда 1958 жылы бір ірі қара малы, 1968 жылы екі бас жылқы көмілген екен. Бұл деректер малда жұқпалы аурулар болуы мүмкін деген болжамды күшейтеді. Себебі алпыс жыл бұрын қолданылған әдістер қазіргі санитарлық талаптарға сай келмейді, ал терең көмілген биоматериал топырақта ұзақ уақыт бойы қауіпті қоздырғыштарды сақтай алады-мыс.

Ең қызығы, санитарлық-қорғаныс аймағына дейінгі шектеу талабы орындалмаған. Яғни, қорымға дейінгі 1000 метр аумаққа жан баласы аяқ баспауға тиіс. Қазір керісінше, қорым жекеменшік иелікке берілген. Демек, осы аумақты жекеменшікке беру кезінде тиісті мамандар немқұрайлы болған. Қазір де облыстық ветеринария мамандары өлексе қорымын нақты қауіпті ошақ болып саналады деп ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Алайда, мал мамандары топырақ қабатында ауру қоздырғыштарының қалдықтары қалуы мүмкін деген нұсқаны толықтай жоққа шығармайды. Ал бұл аумақта қауіптілігі жөнінен әлі де әлемді алаңдатып отырған күйдіргі ауруы – сібір жарасының ошағы жасырылған...

Қалмаханбет Мұқаметқали
Автордың басқа материалдары