Тау-шаңғы кешенінің жалпы аумағы 85 гектар жерді алып жатыр. Теңіз деңгейінен 1500-1800 метр биіктікте орналасқандықтан сырғанаққа таптырмайтын орын.
Мұнда шаңғы, скейтборд, үрленген камералармен де сырғанауға болады. Демалушылардың қауіпсіздігін сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Төбеден төменге құлдилап түсуге арналған 15 арнайы жолақ салыныпты. Ал тау басына арнайы арқан жолмен көтерілуге болады. Кешеннің тағы бір ерекше мақсаты, демалушыларды шаңғы тебуге үйретумен де айналысады. Яғни, кәсіби шаңғышылардың жеке мектебі ұйымдастырылған. Ынталы адамның таудан сырғанудың қыр-сырынан бөлек шаңғы спортының да құпияларын үйренуіне болады. Қысқасы, Алматы сияқты алып мегаполистен қол созымда ашылған жаңа кешен өңірдегі туризмнің дамуы мен тұрғындардың саламатты өмір салтын ұстануға толық мүмкіндік бермек.
- Елбасы Алматы облысына келген сапарында туризм кластерін қалыптастыру туралы тапсырма берген еді. Соның ішінде Шымбұлақтан бастап Түрген шатқалына дейінгі аралықта тау туризмін дамыту қажеттігін айтқан болатын. Соған байланысты бүгін, міне, жаңа тау-шаңғы кешенін ашып отырмыз. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, республикалық маңыздағы автокөлік жолынан кешенге дейінгі 6,2 км жолға күрделі жөндеу жасадық. Осы тау-шаңғы курортына инвестор өзінің жеке қаражаты есебінен 60 млн АҚШ долларын құйды. Бұл - отбасымен келіп, таудың таза ауасымен тыныстап, шаңғы теуіп, сырғанап, демалуға таптырмайтын орын, - деді шаңғы кешенінің ашулуына арнайы келген аймақ басшысы Амандық Баталов.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы