Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың бала күнгі досына жазған хаты көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды kznews.kz.
24KZ арнасының мәліметінше, батыр қыздың хаттарымен Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова мемориалдық музейінде танысуға болады. Бұған дейін музей қорында оның нағашылары Сапура мен Бисембай Қабиевке жолдаған жеті хатының көшірмесі сақталған еді.
Жуырда музей қызметкерлері мемлекеттік архивтен бұрын көпшілікке белгісіз болып келген сегізінші хатты тапқан. Құнды құжат белгілі журналист әрі деректі фильмдер сценарисі Сейілхан Асқаровтың жеке архивінде сақталып келген.
Бұл хатында Әлия бала күнгі досы Олегке снайперлер мектебінде оқып жүргенін және жақын арада майданға аттанатынын жазған. Ол бірнеше рет әскери комиссариатқа барғанын, алайда жасы жетпегендіктен кері қайтарылғанын да айтқан. Соған қарамастан табандылығының арқасында мақсатына жеткенін жеткізген.
"Мен снайперлер мектебінде оқып жүрмін. Әрі қарай Отан қорғауға барамын. Бірнеше рет әскери комиссариатқа бардым, жасым келмегендіктен қайтарып жіберді. Бірақ менің өзімнің табандылығымның арқасында осыған қол жеткіздім", – деп сондай қуанышын бөліскен.
Сонымен қатар белгілі жазушы Аркадий Гайдардың сөзін де келтіріп жазған. "Сол үндеу маған өте әсерлі болды және менің де өміріме әсерін берді", – деп Олегке жазады.
Музей қызметкері Айсұлу Тұралиеваның айтуынша, хат шамамен 1943 жылы, Әлия мергендер мектебін үздік аяқтаған кезде жазылған. Қысқа ғана хатта батыр қыз досына деген сағынышын, туған жерге деген сүйіспеншілігін және Отанды қорғауға деген жігерін білдірген.
Көп ұзамай Әлия Молдағұлова 54-арнайы атқыштар бригадасының құрамында майданға аттанған.
Батыр қыздың хаттары туған елге деген махаббат пен ерлік рухына толы. Оның жазбаларында Абай өлеңінен алынған жолдар да кездеседі:
"Бұл өмірдің қызығы махаббатпен
Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен
Арттағыға сөзің мен ісің қалса
Өлсең де өлмегенге боласың тең".
Әлия Молдағұлованың мемориалдық музейінде оның хаттарынан бөлек, өмір жолы мен ерлігіне қатысты көптеген тарихи дерек сақталған.