Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың бала күнгі досына жазған хаты көпшілік назарына ұсынылды. Құнды құжатпен Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова мемориалдық музейінде танысуға болады, деп kznews.kz тілшісі dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарна мәліметінше, музей қорында бұған дейін батыр қыздың нағашылары Сапура мен Бисембай Қабиевке жолдаған жеті хатының көшірмесі сақталған. Ал жуырда музей қызметкерлері мемлекеттік архивтен көпшілікке бұрын беймәлім болып келген сегізінші хатты тапқан.
Бұл хат белгілі журналист әрі деректі фильмдер сценарисі Сейілхан Асқаровтың жеке архивінде сақталып келген. Онда Әлия бала күнгі досы Олегке снайперлер мектебінде оқып жүргенін және жақын уақытта майданға аттанатынын жазған.
Хатта батыр қыз өзінің бірнеше рет әскери комиссариатқа барғанын, бірақ жасының кіші болуына байланысты бастапқыда қабылданбағанын айтқан. Дегенмен табандылығының арқасында мақсатына жетіп, снайперлер мектебіне түскенін қуанышпен жеткізген.
"Мен снайперлер мектебінде оқып жүрмін. Әрі қарай Отан қорғауға барамын. Бірнеше рет әскери комиссариатқа бардым, жасым келмегендіктен қайтарып жіберді. Бірақ менің өзімнің табандылығымның арқасында осыған қол жеткіздім", – деп сондай қуанышын бөліскен.
Сонымен қатар белгілі жазушы Аркадий Гайдардың сөзін де келтіріп жазған. "Сол үндеу маған өте әсерлі болды және менің де өміріме әсерін берді", – деп Олегке жазады.
Музей қызметкері Айсұлу Тұралиеваның айтуынша, хат шамамен 1943 жылы жазылған. Бұл кезеңде Әлия Молдағұлова мергендер мектебін үздік аяқтап, майданға аттануға дайындалып жүрген.
Қысқа ғана хатта батыр қыздың бала күнгі досына деген сағынышы, туған жерге деген ыстық ықыласы және ел қорғауға деген жігері айқын сезіледі. Көп ұзамай ол 54-арнайы атқыштар бригадасының құрамында майдан даласына аттанған.
Әлия Молдағұлованың хаттары ерлік рухымен, туған елге деген сүйіспеншілікпен және өмірге деген терең көзқараспен ерекшеленеді. Оның жазбаларында Абай өлеңінен алынған жолдар да кездеседі. Бұл батыр қыздың әдебиетке, рухани құндылықтарға жақын болғанын көрсетеді.
"Бұл өмірдің қызығы махаббатпен
Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен
Арттағыға сөзің мен ісің қалса
Өлсең де өлмегенге боласың тең".
Ақтөбедегі мемориалдық музейде Әлия Молдағұлованың хаттарынан бөлек, оның өмір жолы, майдандағы ерлігі және тарихи тұлға ретіндегі мұрасына қатысты көптеген құнды дерек сақталған. Жаңадан табылған хат батыр қыздың ішкі әлемін тереңірек тануға мүмкіндік беретін маңызды жәдігер ретінде бағаланып отыр.