Қостанай облысындағы Тобыл қаласының мұсылман зиратында қабірлерден гүлдер, бұталар, тіпті гранит орындықтар да жоғала бастаған. Зардап шеккендердің арасында Ақтау маңындағы әуе апатында қаза тапқан Сәлима Жұтаеваның отбасы да бар. Марқұмның жақындары зиратта нағыз тонаушылар жүргеніне сенімді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Зейнеткер Ұлтуған Жұтаева қызының қабіріне күн сайын дерлік барып тұрады. Оның 29 жастағы қызы Сәлима Жұтаева Ақтау маңындағы әуе апатында қаза тапқан. Алайда енді отбасы тағы бір ауыр жағдайға тап болып отыр. Қызының қабірінен гүлдер, бұталар және абаттандыруға арналған заттар ұрлана бастаған.
Марқұмның туыстарының айтуынша, алдымен белгісіз адамдар тірі гүлдерді жұлып әкеткен. Кейін орындықты кесіп алып кеткен, одан соң қымбат бұталарды қазып алған.
"Биыл көшеттерді ұрлап кетті, былтыр мәрмәр мен граниттен жасалған орындықты алып кеткен. Орындыққа отырайын десек, шайқалып тұр. Астында темір қазықтары болатын, ашып қарасақ, жылтырап тұрған еді. Адамдардың мұндайға қалай қолы барады? Біз әлі күнге дейін осы қайғыдан арыла алмай жүрміз. Жалғыз қызым еді. Небәрі 29 жаста болатын, өмірі енді ғана басталған еді", – дейді Қостанай тұрғыны Ұлтуған Жұтаева.
Кезекті ұрлықтан кейін отбасы қабірге құлып салынатын қақпа орнатқан. Бірақ бұл да ұрыларды тоқтатпаған. Олар қоршаудың сыртындағы отырғызылған көшеттерді ұрлап кеткен.
"Бір күні келіп қарасақ, жоқ. Бір жыл бойы күтіп-баптадық, қыста жауып, суарып жүрдік. Қабір басынан мұндай нәрсені ұрлау үшін қандай адам болу керек екенін білмеймін", – деді Қостанай тұрғыны Руслан Жұтаев.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жалғыз жағдай емес. Басқа қабірлерден де шырша, құмыра және гүлдер жоғалып жатыр.
"Бұл жерде күзет те, камера да, қарапайым қоршау да жоқ. Ештеңе қарастырылмаған. Мен үшін бұл өте маңызды. Анам ұзақ ауырды, өмірден өтетінін білді. Ескерткішін өзі таңдаған еді. Қабірінің жанында міндетті түрде шырша болсын деген. Өйткені ол қыста да, жазда да жасыл болып тұрады", – дейді Тобыл тұрғыны Айгүл Шәріпова.
Полиция өкілдері қабір басынан шыршаның жоғалу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
"Аталған құқық бұзушылыққа қатысы бар адамды анықтау және ұстау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Азаматтарды жерлеу орындарына құрметпен қарауға, заң талаптарын сақтауға және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырамыз", – деп мәлімдеді Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ақтау маңындағы әуе апатында қаза тапқан Сәлима Жұтаеваның анасы да полицияға арыз жазған. Әйел кінәлілер жазаланып, зиратқа қоршау мен күзет қойылады деп үміттенеді.