KZNews.kz
Экономика

Әлеуметтік міндеттеме мен қарыз қысымы: жаңа фискалдық саясат Үкіметті "құтқара ма"?

Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Ерінбегеннің бәрі ел Үкіметін сынауға бейіл. Әсіресе, атқарушы биліктің әлеуметтік міндеттемелерді орындау мен экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылту жолындағы жұмысы үнемі тілге тиек болады.

Өйткені, Үкіметтің жетістігі де, қателігі де тұрғындардың ғана емес, сарапшылардың да назарынан тыс қалған емес. Ал атқарылған істердің оңы мен солы нақты нәтижеге қарап анықталады.

Әділетті болу үшін, Үкіметтің отандық экономиканы тұрақтандыру жолындағы әрекеттерін саралап шығайық. Бұл бағытта сарапшылар не дейді? Мысалы, Қаржыгелер қауымдастығы ел экономикасының 2025 жылғы табысына қарап, жағымды пікір айтып отыр. Ұйым сарапшыларының ойынша, бюджет мұнайға тәуелділіктен біртіндеп арылып келеді екен. Яғни, ел бюджетін толтыру шикізатқа қол жаймай, ішкі қаржы айналымынан түсетін салық және басқа да міндетті төлемдерге арқа сүйеуге көшіп отыр.

Дерекке сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 26,9 трлн теңге салық жиналды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 14,5 пайыз немесе 3,4 трлн теңгеге артық.

Ең үлкен өсім республикалық бюджетте байқалып, бұрнағымен салыстырғанда, 2,1 трлн теңгеге көбейген. Мұнда негізгі үлесті 932 млрд теңге мөлшерінде жиналған қосымша құн салығы мен 880 млрд теңге шамасында түскен корпоративті табыс салығы қамтамасыз етті. Бұл ішкі сұраныстың кеңейгенін, бизнес айналымының артқанын және кәсіпорындар табысының ұлғайғанын көрсетеді.

Жергілікті бюджет кірістері де 1,3 трлн теңгеге артқан. Өсімнің негізгі факторлары ретінде жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығы алынып отыр.

Бұған жалақының 10 пайызға өсуі, жұмыспен қамтылғандар санының артуы мен әлеуметтік салық мөлшерлемесінің 11 пайызға көтерілуі және ШОБ субъектілерінің көбеюі әсер етті.

Алайда, салық түсімдерінің артуы экономикалық тұрғыдан алға жылжудың көрсеткіші болмайтыны белгілі. Яғни, фискалдық ахуал кірістер жағынан жақсарғанымен, бюджет теңгерімі тұрғысынан қысым әлі де сақталып отыр. Мұнайға тәуелділік біршама әлсірегенімен, мемлекеттік борыш пен оны өтеу шығындары азайған жоқ.

Екіншіден, өткен жылы Ұлттық қорға түсетін салық пайдасы 2,2 пайызға немесе 84 млрд теңгеге кеміген. Бұл мұнай бағасының 18,5 пайызға төмендеуі салдарынан ренталық төлемдер мен өнімді бөлу келісімдері бойынша түсімдердің қысқаруынан болды дейді. Ал Ұлттық қордағы қаржының азаюы Үкіметке ішкі мүмкіндіктерді іздеуге жол ашқан. Бұл өз кезегінде фискалдық саясаттың өзгеріп, жаңа Салық кодексінің қабылдануына әкелді.

Осылайша, бюджет кірістерінің құрылымы біртіндеп ішкі экономикалық белсенділікке тәуелді салық түсімі жағына ауысып келеді. Бұл ұзақмерзімді тұрақтылық үшін қажетті шешім болып отыр. Ал нақты нәтижені алдағы кезең көрсетпек.

Деп келгенде, Үкімет әлеуметтік міндеттемелерді орындау мен қарыздарды өтеу үшін республикалық бюджеттің шығыстарын арттыруға мәжбүр. 2025 жылы шығыстар 7,9 пайызға өсіп, негізгі өсімнің 85 пайызы қарыздарды өтеуге, әлеуметтік төлемдерге және ішкі трансферттерге бағытталды.

Ал жергілікті бюджеттің шығындары 12,9 пайызға артты. Жұмсалған қаражат көбіне білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және коммуникация салаларына жұмсалды.

Алайда, мемлекеттік қарызды өтеу мен қызмет көрсету шығындарының ұлғаюын фискалдық саясаттағы нәтижелермен шешу мүмкіндігі төмен екені байқалады. Бюджет шығыстарының 81 пайызы ағымдағы міндеттемелерге тиесілі болуының кесірінен инвестициялық бөлік қысқаруға ұшырап отыр.

Үшіншіден, Үкімет бюджет дефицитін жою үшін тағы да сыртқы қаржы көздеріне жүгінуден бас тарта алмай отыр. Мысалы, 2025 жылы бюджет тапшылығы 4,4 трлн теңгеге жетті. Ол 2024 жылы 3,6 трлн теңге болатын. Осы тапшылықты жабу және қарыздарды өтеу үшін тағы 8,7 трлн теңге қарыз тартылды. Нәтижесінде мемлекеттік борыш көлемі 36,4 трлн теңгеге дейін өсті.

Мұнан бөлек, былтыр Ұлттық қордан 5,3 трлн теңге трансферт алынды. Бұл ретте инвестициялық табыс 8 млрд долларды құрап, қор активтері 58,8 млрд доллардан 63,9 млрд долларға дейін ұлғайды. Дегенмен, қатарынан екі жыл бойы 5 трлн теңгеден астам қаражат алынуы қор активтерінің өсуін тежеп отыр.

Сондықтан, биыл Ұлттық қордан трансферттерді 2,8 трлн теңгеге дейін қысқарту жоспары бар. Бұл қадам бюджеттік саясаттың ынталандырушы модельден ұстамды, тұрақты бағытқа ауысқанын білдіреді. Яғни, биыл кірістердің өсуіне ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруі, инфляцияның жоғары деңгейі, тұтыну сұранысының сақталуы, КТС пен ЖТС түсімдерінің артуы, ШОБ базасының кеңеюі ықпал етуі мүмкін.

Бірақ, басты сын-қатер ретінде қарыз жүктемесінің өсуі мен әлеуметтік шығындардың жоғары үлесі сақталады. Егер экономикалық өсім баяуласа немесе сыртқы нарықтағы жағдай нашарласа, фискалдық тұрақтылыққа да қысым күшейеді. Мұны да уақыт көрсетеді.

Қорыта айтқанда, өткен 2025 жыл ел бюджеті үшін құрылымдық бетбұрыс жылы болды деуге негіз бар. Жоғарыда айтқанымызлай, кірістер мұнай секторынан гөрі ішкі экономикаға көбірек сүйене бастады. Сарапшылар енді бюджеттің шығыстар құрылымы мен мемлекеттік қарыздың өсуіне қатысты теңгерімді реттеу керектігін ескертеді. Яғни, жаңа фискалдық саясат тек кірісті ұлғайтумен емес, шығысты тиімді басқарумен айналысуға тиіс.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте баста...
Автордың басқа материалдары →