Қазақстан жыл сайын әлеуметтік қолдауға қомақты қаражат бөледі. Мемлекеттік бюджеттің жартысынан астамы әлеуметтік шығындарға бөлінеді. Бұл туралы әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова айтты, деп хабарлайды kznews.kz
Оның сөзінше, әлеуметтік шығындардың ауқымы өте кең. Оған әлеуметтік саладағы қызметкерлердің жалақысына жұмсалатын қаражат та кіреді.
«Қазақстан жыл сайын әлеуметтік қолдауға қомақты қаражат жұмсайды. Мемлекеттік бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік шығындарға жұмсалады. Бұл өте ауқымды мәселелер шеңбері. Мысалы, әлеуметтік блоктағы жалақы төлемдеріне байланысты шығындардың өзі өте жоғары», – деді әлеуметтанушы.
Илеуованың айтуынша, түрлі санаттағы азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемдер жүйесі уақыт өте келе бірнеше рет өзгеріп, жаңартылып келеді.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау өзгерді
Сарапшы ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау бағытында елеулі өзгерістер болғанын айтады.
«Бұрын шынымен толық жұмыс істей алмайтын адамды жыл сайын комиссияға келуге мәжбүрлейтін. Қолының немесе аяғының жоқ екенін қайта-қайта дәлелдеуі керек еді. Бұл көптеген дау мен наразылыққа себеп болды, өйткені шын мәнінде бұл адамгершілікке жатпайтын тәжірибе еді. Қазір бұл талап біртіндеп жойылып жатыр», – деді ол.
Сонымен қатар, ол ерекше қажеттілігі бар адамдар санатының да кеңейіп келе жатқанын айтты. Оның ішінде аутизм секілді аурулар да бар.
Зейнетақы мен балаларды қолдауға да қомақты қаржы бөлінеді
Гүлмира Илеуова Қазақстандағы әлеуметтік шығындардың үлкен бөлігі зейнетақымен қамтуға бағытталатынын айтады.
«Зейнетақымен қамтуға келсек, бұл түсінікті, бізде шығынның өте үлкен бабы бар. Елде зейнеткерлер саны өте көп, сондықтан қаражаттың едәуір бөлігі осы бағытқа жұмсалады», – дейді әлеуметтанушы.
Балаларды қолдау саласында да мемлекет қомақты қаражат бөледі.
«Балалық шақ, өсіп келе жатқан ұрпаққа қамқорлық жасау бағытын алсақ, бізде өте үлкен шығын жүзеге асырылады. Жағдай барлық жерде мінсіз емес, бірақ бұл бағыт қазір белсенді дамып келе жатқанын көріп отырмыз», – деді ол.
Сарапшы шалғай елді мекендерде балаларға арналған алаңдардың пайда болғанын да мысал ретінде келтірді.
Денсаулық сақтау саласындағы көмек
Илеуова әлеуметтік саясаттың денсаулық сақтау жүйесіне қатысты бөлігін де атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек көлемі аясында азаматтарға көптеген қызмет көрсетіледі.
«Оны сынайды, бірақ оның ішінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, көптеген қызмет бар. Мұндай қолдау әлемнің барлық елінде жоқ. Қанша сынасақ та, мұндай көмектің бар екенін мойындауымыз керек», – деді ол.
Әлеуметтанушының айтуынша, мемлекет квота арқылы қымбат операциялардың да бір бөлігін қаржыландырады. Олардың қатарында буын ауыстыру, офтальмологиялық және жүрекке жасалатын операциялар бар.
«Әрине, мемлекет көптеген талдауды төлемейді. Бірақ өте қымбат операциялар бюджет есебінен жасалады. Бұл қазір бізде қалыпты тәжірибеге айналып келеді», – деді Илеуова.
Алайда, сарапшы халықтың денсаулық сақтау саласына қатысты үміті жоғары екенін айтты. Оның айтуынша, кей азаматтар тегін медициналық көмектің көлемі кеңес заманындағыдай болуы керек деп күтеді.
«Сын көп, себебі барлық қызмет көрсетілмейді. Кеңес кезіндегідей тегін денсаулық сақтау стандарты болуы керек деген пікірлер айтылады. Бірақ. шын мәнінде бұл мүмкін емес. Қалай болғанда да белгілі бір шектеулер болады», – деді сарапшы.
Халықтың наразылығына инфляция әсер етеді
Әлеуметтанушының айтуынша, жүргізілетін сауалнамаларда халықтың өмірге қанағаттануы мен әлеуметтік оптимизмі сияқты көрсеткіштер болады.
«Мен кем дегенде халықтың әлеуметтік жағдайын бағалайтын осы аса маңызды көрсеткіштердің күрт төмендегенін байқамаймын. Олардың ішінде адамның өз жағдайына берген бағасы, өмірге қанағаттануы және тағы басқалары бар. Бұған әртүрлі әлеуметтік қолдау түрлері де әсер етеді деп болжауға болады», – деді Илеуова.
Оның айтуынша, халықтың наразылығы артқан жағдайда, оның негізгі себептерінің бірі – табыстың төмендігі мен инфляция.
«Инфляция мен бағаның өсуі туралы айтқанда, бұл наразылық әлеуметтік көңіл-күйдің барлық саласына, соның ішінде әлеуметтік саясатқа да қатысты болады. Меніңше, бұл толық әділ емес, өйткені халық қанағаттанатын көптеген нәрсе бар», – деді ол.
Әлеуметтік көмекті азаматтардың жағдайына қарай бөлу қажет
Гүлмира Илеуова Қазақстанда әлеуметтік қолдаудың теңестіруші кеңестік жүйесі ұзақ уақыт сақталғанын айтады.
«Қазақстанда, Өзбекстанда және Қырғызстанда бастапқыда кеңестік теңестіруші жүйе болды. Біз одан жақында ғана алыстай бастадық. Әлеуметтік қолдау отбасының материалдық және экономикалық жағдайына қарамастан барлық санатқа көрсетілді. Сондықтан. қоғамдық санада осы теңестіруші тәсіл қалыптасты», – дейді ол.
Сарапшы әлеуметтік саясатта сараланған тәсілге көшу мәселесі көп жылдан бері көтеріліп келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, көмек азаматтардың нақты материалдық жағдайына қарай бөлінуі керек.
«Егер біз әлеуметтік құрылымның – кедейлер, байлар және шартты түрде орта таптың бар екенін мойындасақ, онда аса кедей санаттардың бар екенін де қабылдауымыз керек. Олардың тұратын жері, білім деңгейі сияқты белгілі бір параметрлері бар. Біз мұны әлеуметтік тұрғыдан тіркейміз. Олар қандай да бір көмекке мұқтаж. Сондықтан, әлеуметтік көмек басқаша бөлінуі тиіс», – деді Илеуова.
Ол әлеуметтік қолдауға бөлінетін қаражаттың көлемін жай ғана арттыру жеткіліксіз екенін айтады.
«Қазір әлеуметтік қолдауға орасан зор қаражат жұмсалады, соған қарамастан наразы адамдар көп. Мемлекет әлеуметтік саясатқа жоспарлаған көлемде шығын жұмсап қана қоймай, халықтың осы саясатқа қанағаттану деңгейін де арттыруы керек. Егер біз әлеуметтік саясатқа бюджет қаржысының жартысын жұмсап, бірақ қанағаттану көрсеткіші былтырғыдан төмен болса, онда оның себебін анықтау қажет. Өйткені. мемлекет неғұрлым көп қаржы жұмсаса, қанағаттану деңгейі де соғұрлым жоғары болуы тиіс», – дейді маман.
«E-Otinish»-ке 5 миллионнан астам өтініш түскен
Илеуова әлеуметтік мәселелердің көпшілігі азаматтардың мемлекеттік органдарға жолдайтын өтініштерінен де көрінетінін айтты.
«Өткен жылы "E-Otinish"-ке 5 миллионнан астам өтініш түсті. Олардың басым бөлігі әлеуметтік мәселелерге қатысты. Бұл мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі мүмкін. Демек, жергілікті басқару жүйесі не өз міндетін атқара алмайды, не орындай алмайды, не қаламайды және барлық мәселені жоғары тұрған органдарға жібереді», – деді ол.
Сарапшының пікірінше, мемлекет әлеуметтік салаға қомақты қаражат жұмсап, көптеген шараны жүзеге асырып жатқанымен, олардың тиімділігін халықтың қанағаттану деңгейі арқылы да бағалау қажет.
«Біз көріп отырғанымыздай, мемлекет көп нәрсе жасауға тырысады. Бірақ мұнда таза экономикалық, прагматикалық есеп жоқ», – деп түйіндеді Гүлмира Илеуова.
Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министрі Олжас Бектенов қажетті әлеуметтік көмек тек шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана көрсетілетін айтқан еді.