SCAT ұшағы Астанаға шұғыл қонды: борттан ақау табылды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Әлеуеті - бай, әлеуметі - кедей: Асхат Шахаров Ақтөбені неге донор облысқа айналдыра алмай отыр?

Әлеуеті - бай, әлеуметі - кедей: Асхат Шахаров Ақтөбені неге донор облысқа айналдыра алмай отыр?
Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Ақтөбе облысы еліміздің өнеркәсіптік әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі саналады. Аймақта мұнай-газ өндірісі, ферроқорытпа, хром кені мен басқа да өнеркәсіп салалары қарыштап дамыған деуге болады. Алайда, өңірдегі өндіріс көлемі мен облыстық бюджеттің қаржылық дербестігі әрдайым бір-біріне сәйкес келе бермейді екен.

Яғни, мұнай-газ, хром және металлургия өндірісі бірдей шоғырланған Ақтөбе облысы республикалық бюджеттен қомақты қаржы алады. Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, биыл өңір бюджетіне түсетін барлық трансферттің көлемі 347,2 млрд теңгеге жеткен. Бұл облыс кірісінің шамамен 73,5 пайызын құрайды. 

Жалпы, 2026 жылғы бюджет құрылымынан бірқатар қайшылық байқалады. Мәселен, биылғы 31-наурыздағы өзгерістерден кейін облыстың кірісі 472,5 млрд теңге көлемінде деп белгіленген. Оның 347,2 млрд теңгесі трансферттер есебінен қалыптасады. Яғни, облыс бюджетіне түсетін әрбір 100 теңгенің шамамен 74 теңгесі басқа бюджеттерден бөлінетін қаражат болып шығады.

Ал бұл өңірдің қаржылық дербестігіне қатысты маңызды мәселені қозғайды. Өйткені, облыс бюджетінің негізгі бөлігін жергілікті салықтық түсімдер емес, бюджетаралық трансферттер құрап отыр.

Әрине, кейінгі екі жыл аралығында облысқа берілген субвенция көлемі қысқарған. Бірақ, облыстың орталықтың қаржысына тәуелділігі бәрібір сақталып отыр екен. Дерекке қарасақ, 2025 жылы Ақтөбе облысына республикалық бюджеттен 318,05 млрд теңге көлемінде субвенция қарастырылған. 2026 жылы бұл көрсеткіш 197,09 млрд теңгеге дейін төмендеді. Яғни, бір жылдағы айырмашылық 120,96 млрд теңге немесе шамамен 38 пайызды құрайды. Бір қарағанда, мұны облыстың қаржылық мүмкіндігі артқанының белгісі ретінде қабылдауға болады.

Алайда, мәселе мұнымен шектелмейді. Өйткені, субвенция республикалық бюджеттен берілетін қаржылық қолдаудың бір түрі ғана. Бұдан бөлек, нысаналы трансферттер де қарастырылады ғой. Ал биылғы дерек бойынша республикалық бюджеттен облысқа түсетін барлық трансферт 202,99 млрд теңгені құрайды. Оның 197,09 млрд теңгесі субвенция екен. Демек, республикалық трансферттердің басым бөлігі өңірдің жалпы бюджеттік қажеттіліктерін теңестіруге бағытталған субвенция есебінен қалыптасады. Демек, субвенция көлемінің азаюын өңірдің республикалық бюджетке тәуелділіктен арылғаны деп бағалауға әлі ерте. 

Екіншіден, Ақтөбе облысының бюджет құрылымында қаржының аумақтар арасында біркелкі бөлінбейтіні байқалады.

Дерекке сәйкес, осы жылы қала мен аудандардан облыстық бюджетке түсетін трансферттер 144,18 млрд теңге көлемінде белгіленген. Оның 122,99 млрд теңгесі Ақтөбе қаласының үлесіне тиеді. Бұл төмен тұрған бюджеттерден түсетін барлық аударымның шамамен 85 пайызы. Бұдан бөлек, Мұғалжар ауданы 7,98 млрд теңге, Хромтау ауданы 4,96 млрд теңге, Байғанин ауданы 1,8 млрд теңге, Шалқар ауданы 1,08 млрд теңге облысқа аударуға тиіс. Бұл деректер облыс ішіндегі экономикалық ресурстардың да біркелкі шоғырланбағанын аңғартады. Яғни, облыстық бюджетке түсетін қаражаттың басым бөлігі облыс орталығы мен өнеркәсіптік аудандарға тиесілі. Ал қаржылық мүмкіндігі төмен аудандар керісінше, жоғары тұрған бюджеттен үнемі қолдау күтеді. Мәселен, облыстық бюджеттен төмен тұрған бюджеттерге 13,57 млрд теңге көлемінде субвенция қарастырылған. Оның ішінде Алға ауданына 1,9 млрд теңге, Ырғыз ауданына 1,91 млрд теңге, Қарғалы ауданына 1,74 млрд теңге бөлінеді екен.

Осылайша, облыс ішінде де бюджетті қайта бөлу тетігі жұмыс істейді. Яғни, бір аудандар облыстық бюджетті толықтыруға үлес қосса, екінші аудандар әлеуметтік және инфрақұрылымдық міндеттемелерін орындау үшін қаржылық қолдауға мұқтаж.

Үшіншіден, Ақтөбе облысының экономикалық жағдайын бағалағанда өнеркәсіптік өндірістің көлемі мен жергілікті бюджеттің кірісі арасындағы айырма бірден сезіледі.

Яғни, ірі кәсіпорындардың өндірген өнімі, экспорттан түсетін табысы немесе корпоративтік пайдасы толығымен облыстық бюджетке аударылмайды. Ал салықтар қолданыстағы заңнамаға сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттер арасында бөлінеді. Сондықтан мұнай, газ және металл өндірісінің жоғары болуы облыстың автоматты түрде донор өңірге айналуын білдірмейді.

Жалпы, Ақтөбе облысының 2026 жылғы бюджеті екі түрлі көріністі байқатады. Бір жағынан, өңірде республикалық маңызы бар ірі өнеркәсіп кәсіпорындары мен алпауыт экономикалық ресурстар бар. Екінші жағынан, облыстық бюджеттің кіріс бөлігінің басым бөлігі әлі күнге дейін трансферттер есебінен қалыптасады. Дегенмен, мұндағы басты мәселе Ақтөбеге республикалық бюджеттен қанша қаражат бөлінетіндігінде емес, облыстың өз кірістерін қаншалықты арттыра алатынына қатысты болып отыр. Өйткені, өнеркәсібі дамыған өңірдің экономикалық әлеуеті бюджет дербестігін нығайтуға да қызмет етуі керек еді. Яғни, Ақтөбе облысының бюджетіндегі негізгі қайшылық та осында тұрған сияқты.

Өкінішке қарай, бұл өңірдегі әлеуметтік мәселелердің де күн тәртібінде екенін дәлелдейді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы қаңтар-қыркүйек айларында Ақтөбе облысының өнеркәсіп өндірісі 2,33 триллион теңгеге жеткен. Алайда, нақты көлем индексі небәрі 1,1 пайызды құрады. Оның үстіне, өңірдің өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 0,7 пайызға төмендеген. Тек, тау-кен өндіру саласында 3,1 пайыздық өсім тіркелген.

Бұл деректер облыс экономикасындағы өсімнің сипатына да назар аудартады. Яғни, өндірістің негізгі өсімі шикізат өндіру саласында қалыптасып отыр. Ал экономиканы әртараптандыруға, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін өңдеу өнеркәсібінде кері динамика байқалады.

Әлбетте, облыстағы әлеуметтік картинаны құрастыруға адамдардың табысы да орасан ықпал етеді. Мәселен, биылғы екінші тоқсанда орташа атаулы жалақы 440 520 теңгені құрапты. Бір қарағанда, бұл жаман көрсеткіш емес. Алайда, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты жалақы индексі 98,4 пайыз деңгейінде қалыптасты.

Яғни, номиналды жалақы 8,7 пайызға өскенімен, инфляцияны есепке алғандағы сатып алу қабілеті төмендеген.

Мұнан бөлек, Ақтөбе облысының демографиялық жағдайында да ойланатын көрсеткіштер бар екен.

Осы жылғы 1-қыркүйектегі мәлімет бойынша өңір халқы 958,9 мың адамды құрады. Қаңтар-тамыз аралығында халықтың табиғи өсімі 5 993 адам болған. Бірақ, былтырғы сәйкес кезеңде бұл көрсеткіш 6 743 адамды құраған еді. Ал биылғы қаңтар-тамыз айларында облыстың ішкі көші-қон сальдосы минус 3 121 адамға жеткен. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш минус 2 501 адам болған екен.

Демек, аймақтан еліміздің басқа өңірлеріне қоныс аударғандар мен көшіп келгендердің арасындағы айырма ұлғайған болып шығады.

Тоқетерін айтқанда, 2023 жылдан бері Асхат Шахаровтың басқаруындағы аймақ экономикалық қуаты жоғары өңір болғанымен, оның бюджеті республикалық қаржылық қолдауға әлі де тәуелді күйінде қалып отыр.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.