KZNews.kz
Әлем

Әлем күткен кездесу: Зеленский мен Путиннің басы бір жерде түйісетін болды

Қайсар Қанат
Anadolu Ajansı

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф алдағы үш апта ішінде Ресей мен Украина президенттері кездесуі ықтимал екенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Fox News телеарнасына берген сұхбатында ол Украинадағы қақтығысты реттеу бағытында жақын уақытта "жақсы жаңалықтар" болуы мүмкін екенін айтты.

Уиткоффтың сөзінше, өзі және Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер тараптарға бірқатар ұсыныстар әзірлеген. Бұл бастамалар алдағы апталарда келіссөз процесін жандандырып, Владимир Зеленский мен Владимир Путин арасында саммит өткізуге негіз қалауы мүмкін.

Сондай-ақ арнайы өкіл болашақ кездесу үшжақты форматта, яғни АҚШ президентінің қатысуымен өтуі ықтимал екенін жоққа шығармады.

Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Зеленскийдің келіссөздерді Ресей немесе Беларусь аумағынан тыс кез келген елде өткізуге дайын екенін мәлімдеген. Өз кезегінде Владимир Путин де Зеленскиймен тікелей кездесу мүмкіндігін теріске шығармаған.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →