Ақтөбеде тұрғындар қоқыс жәшігіне тастап кеткен жаңа туған нәрестені тауып алды.
Оқиға 23 мамырда Тургенев көшесінде болған, деп хабарлайды kznews.kz
Куәгерлердің айтуынша, көшеден өтіп бара жатқан адамдар баланың жылаған дауысын естіген. Жақындап барып қарағанда, қоқыс жәшігінің ішіндегі пакеттен нәрестені тапқан.
Тұрғындар дереу полиция мен жедел жәрдем шақырған. Сәби шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, нәрестенің дене температурасы төмендеп, өмірлік маңызды көрсеткіштері әлсіреген.
Қазір жаңа туған ұл бала дәрігерлердің бақылауында. Оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланып отыр.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті баланың анасын және оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.