Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ақтауда облыстық балалар ауруханасында баланың әкесі мен хирург арасында болған жанжалға қатысты пікір білдірді. Министр дәрігердің де, ата-ананың да кінәсі дәлелденсе, заң алдында жауап беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін баланың әкесі әлеуметтік желіде ұлы қатты ауырсынып жылаған кезде дәрігерлер тиісті көмекті уақытында көрсетпегенін айтқан болатын.
Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, балаға аппендицит диагнозы қойылып, ота жасалған. Алайда операциядан кейін екі күн өткен соң ата-анасы емді жалғастырудан бас тартып, баланы ауруханадан алып кеткен. Кейін қайта әкелгенімен, бір тәулік өтпей тағы да үйіне шығарған. Үшінші рет медициналық мекемеге түскенде баланың дене қызуы көтеріліп, ауырсынған.
«Егер ата-ананың немесе дәрігердің тарапынан заңбұзушылық анықталса, ешқайсысын жақтамаймын. Заң бәріне ортақ. Биыл қабылданған заңда ата-аналардың жауапкершілігіне қатысты тиісті нормалар қарастырылған. Ал дәрігердің немқұрайлық танытқаны дәлелденсе, оған да заң аясында шара қолданылады», – деді министр.
Еске салайық, бұған дейін Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасында баланың әкесі хирург Қанат Исмаилдың жағасынан алған видео әлеуметтік желіде тараған еді. Кейін дәрігер өз нұсқасын жариялап, баланы кезекшілігінің аяқталуына аз уақыт қалғанда көргенін және қажетті тексерулерді тағайындағанын айтқан.