Ақтаудағы Tulpar School жекеменшік лицейінде болған жанжалдың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кадрларда әйелдің еден жуушының су толы шелегін теуіп жібергені көрінеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Маңғыстау облысының білім басқармасы оқиғаны тексеру үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады. Комиссия екі тараптың да түсініктемесін тыңдап, жағдайға құқықтық әрі ұйымдастырушылық тұрғыдан баға береді. Тексеру нәтижесінде заңға сәйкес шешім қабылданбақ.
Ал облыстық полиция департаменті әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Айта кетейік, Tulpar School – Ақтаудың 31Б шағынауданында орналасқан жекеменшік лицей. Оқу орнында 5–11-сынып оқушылары білім алады. Мектепте қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін оқытуға басымдық берілген. Сондай-ақ оқушыларды БИЛ, НЗМ және ҰБТ-ға дайындау қарастырылған. Ұл балаларға арналған жатақханасы да бар.