KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

"Айырылып қала жаздадық": Меруерт Өтекешова көпшілік білмейтін шындықты айтты

• Қайсар Қанат
Меруерт Өтекешова. Фото-коллаж: Kznews.kz

Актриса бұл туралы журналист Майя Бекбаеваға берген сұхбатында әңгімелеген. Оның айтуынша, 1990 жылдары "Қыз Жібек" фильмінің көшірмелері тозып, сапасы айтарлықтай нашарлаған. Меруерт Өтекешова бір күні теледидардан өзі басты рөлді сомдаған фильмді көріп, оның жағдайына қатты алаңдағанын еске алды.

Актрисаның айтуынша, сол кезеңде фильмнің ескі таспалары бүлініп, кейбір бөліктері жарамсыз күйге түсе бастаған.

"Фильм көз алдымда жойылып бара жатқандай әсер қалдырды. Бірдеңе істеу керек, бұл фильмді қалпына келтіру қажет деп ойладым", – деді Меруерт Өтекешова.

Алайда сол жылдары киностудияның фильмді қалпына келтіруге жеткілікті қаражаты болмаған. Осыдан кейін актриса тарихи туындыны сақтап қалу үшін арнайы бастама көтерген.

Меруерт Өтекешованың бастамасымен "Қыз Жібек" қайырымдылық қоры құрылып, фильмді қалпына келтіруге демеушілер іздестіріле бастаған. Кейін Мәскеуде тұратын қазақстандық кәсіпкерлер отбасы қаржылай қолдау көрсеткен. Осының нәтижесінде фильмнің орыс тіліндегі нұсқасын Мәскеу маңындағы Белые Столбы киноархивінде сақталған материалдар негізінде қалпына келтіруге мүмкіндік туған. Дегенмен қазақ тіліндегі нұсқаны қалпына келтіру әлдеқайда күрделі болған.

Актрисаның айтуынша, фильмнің бастапқы материалдары Мәскеудегі арнайы архивте сақталғанымен, қазақ тіліндегі дыбыс жазбаларын Қазақстаннан іздеуге тура келген. Өнер иесі сол кездегі киностудиядағы кейбір материалдардың ретсіз сақталғанын көріп, қынжылғанын жасырмаған. Әсіресе қазақша нұсқаны толық қалпына келтіруге қажетті дыбыс бөліктерінің жетіспеуі үлкен қиындық тудырған.

Кейін ол қажетті магниттік таспаларды Рысқұловтағы қоймадан тауып, Мәскеуге жеткізген. Осылайша, жетіспеген дыбыс бөліктерін қалпына келтіруге мүмкіндік туып, "Қыз Жібек" фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасын сақтап қалуға жол ашылған.

Меруерт Өтекешова қалпына келтірілген материалдарды бірден киностудияға өткізбегенін де айтқан. Оның сөзінше, сол кездегі жағдай фильмнің құнды материалдарының қауіпсіз сақталатынына толық сенім артуға мүмкіндік бермеген.

"Ол кездегі жағдай сенім артуға келмейтіндей еді. Материалдарды кейін, киностудияда тәртіп орнай бастаған кезде ғана тапсырдым", – деді актриса.

"Қыз Жібек" – қазақ киносының ең танымал шығармаларының бірі. Фильм 1970 жылы режиссер Сұлтан Қожықовтың жетекшілігімен түсірілген. Картина қазақтың лиро-эпостық жыры негізінде түсіріліп, Жібек пен Төлегеннің махаббат хикаясын баяндайды.

Фильмде Жібек бейнесін Меруерт Өтекешова, ал Төлеген рөлін Құман Тастанбеков сомдаған. Туынды қазақ халқының салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін және ұлттық мәдениетін көркем бейнелеуімен ерекшеленеді.

Еске сала кетейік, танымал продюсер Баян Мақсатқызы осыдан екі жарым ай бұрын берген уәдесін орындап, Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешоваға жаңа пәтер сыйлаған.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →