Қазақстандық әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева әлеуметтік желідегі парақшасында өміріндегі ең ауыр әрі әсерлі сәттердің бірі туралы жазды, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесі ұзақ жылдардан кейін әкесімен қайта табысқанын еске алды. Оның айтуынша, араға 40 жыл салып болған сол кездесу әкесі үшін де ерекше маңызды болған.
Айгүл Иманбаева әкесінің сол кезде айтқан сөзін оқырмандарымен бөлісті.
"Араға 40 жыл салып, әкеммен қайта табысқан едім. Сонда әкем: "Екінші жолдасымнан туған қызымды өз үйіріме қостым, енді бұл дүниеде арманым жоқ", – деген еді. Содан кейін араға үш ай салып дүниеден озды. Адам баласының "арманым жоқ" деп айтпауы керектігін сонда ғана түсіндім. Ешқашан армандаудан шаршамаңыздар, армандарыңыз асқақ болсын", – деп жазды өнер иесі.
Әнші бұл оқиға арқылы адам өмірінде арманның маңызы зор екенін жеткізді. Ол көпшілікті армандаудан тоқтамауға және өмірге үмітпен қарауға шақырды.