Иран президенті Масуд Пезешкиан көрші елдерден кешірім сұрады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

"Әйел – ұлттың жаны". Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аруларды мерекемен құттықтады

"Әйел – ұлттың жаны". Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аруларды мерекемен құттықтады
Суретте Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Президент өз сөзінде еліміздің аруларына ақ тілегін арнап, қоғамдағы әйел-аналардың маңызды орыны мен міндеттерін де атап өтті.

- Қымбатты ханымдар!

Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Осы тамаша мейрам – барша нәзік жандылар қауымына арналған ерекше сезім мен зор құрметтің жарқын көрінісі. Әйел – көңілге шаттық сыйлап, шабытқа қанат бітіретін көркемдік пен сұлулықтың символы, жасампаздық пен жаңашылдықтың қайнар көзі. Дүниедегі жақсылық атаулының бәрі әйел затынан бастау алады, - дейді Президент өз құттықтауында.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әйелдердің қоғамдағы орынына тоқталды.  

"Әйелдің жаны нәзік болса да, болмысы – мықты. Олар кез келген қиындықты еңсеріп, әрдайым даналық пен даралықтың, шыдамдылық пен батылдықтың, сенімділік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Әрбір әйелдің өмірге нәр беретін, әлемге жарық сыйлайтын, жоқтан бар жасайтын, тіпті, жауласқанды татуластырып, бейбітшілікке шақыратын ғажап қасиеті бар. Әйел табиғатының басты құпиясы мен сыры да – осында. 

«Әйел – ұлттың жаны» десек, артық болмайды. Өздеріңіз берген тәлім-тәрбие арқылы ұрпақтың дүниетанымы қалыптасады, жастар әдептілік, отаншылдық, еңбекқорлық, білімпаздық сынды асыл қасиеттерді бойына сіңіреді. 

Ұлы даланың қайсар қыздары жайлы аңызға бергісіз ақиқат әңгімелер ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. Қазақ аруларының парасаттылығы мен батырлығы жұртымыздың жадында жатталып, тарихында таңбаланып қалған. Осы сабақтастық қазір де сақталып отыр. Көптеген қыз-келіншектер Отанымызға қалтқысыз қызмет етіп, мектептер мен университеттерде, емханалар мен зертханаларда, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдарда, өнер мен бизнесте, өндіріс орындары мен шаруашылықтарда, әскери бөлімшелерде және ел өмірінің басқа да салаларында абыройлы еңбек етіп жүр" дей келе Президент ел тағдырының шешуші кезеңіне қатысты ойларын да ортаға салды.

- Қазақстан халқымыздың келешектегі тағдырына тікелей ықпал ететін ауқымды жаңғыру жолына түсті. Жаңа Халық Конституциясы жобасының өзегі – еліміздің Тәуелсіздігі, егемендігі, аумақтық тұтастығы, азаматтардың мүдделері мен құқықтары. Референдумға шығарылған жаңа Ата заңның жобасында ана мен баланы қорғау, неке және отбасы институтын күшейту мәселелеріне айрықша назар аударылды. Сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыруға, қоғамда заңды құрметтеу, табиғатты аялау, әділдік, еңбекқорлық, жауапты және жасампаз отаншылдық қағидаттарын орнықтыруға баса мән берілді. Әйелдер қауымы болашақта да өздерінің адалдығымен, қарым-қабілетімен, ерекше күш-жігерімен Әділетті, Өркендеген Қазақстанды құруға белсене атсалыса беретініне кәміл сенемін. Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке, толағай табыс тілеймін!, - дейді өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.