Олжас Бектенов министрлерге: Бос әңгімені доғаратын уақыт келді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

"Әйел ретінде маған өте ауыр тиеді": Блогер Эльмира Төлегенова сотта кінәсін ішінара мойындады

"Әйел ретінде маған өте ауыр тиеді": Блогер Эльмира Төлегенова сотта кінәсін ішінара мойындады
Фото: әлеуметтік желіден

Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру (жылыстату) бойынша айыпталған блогер Эльмира Төлегенова сотта кінәсін ішінара мойындады. Бүгін сотта одан жауап алынды, деп хабарлайды kznews.kz.

Сот отырысы барысында Төлегенова мен Ерболат Жанәбіловтің мүддесін қорғап отырған адвокат Гаухар Айтжанова одан тағылған айыптарды мойындай ма деп сұрады.

Төлегенова заңсыз кәсіпкерлікке қатысты «заңды бұзылғанын түсінетінін» айтты.

«Заңсыз кәсіпкерлікке қатысты әкімшілік процесс кезінде біз қылмыстық жауапкершілік болады деп құжатқа қол қоюдың қажеті жоқ деп ойладық, сондықтан ол кезде қол қоймадық. Бірақ қазір, әрине, заң бұзғанымызды түсінемін. Мұны мойындаймын. Шынымды айтсам, мұнда тұру маған өте қиын. Біз бұл үшін жауап беруге дайынбыз», - деді ол.

Сонымен қатар Төлегенова ақшаны заңдастыру және жылыстату туралы айыппен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, бұл айыптың қандай негізде тағылғанын түсінбейді.

Блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы («Заңсыз кәсіпкерлік») және 218-бабы («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру») бойынша айып тағылған.

Сотталушы өзін эмоцияға берілмейтін адам деп сипаттағанымен, бұл жағдайда қатты күйзеліп отырғанын айтты.

«Мен эмоцияға берілетін адам емеспін, бірақ бұл жағдайда әйел ретінде маған өте ауыр тиіп отыр», - деді ол көзіне жас алып.

Осыдан кейін Эльмира Төлегенова соттан үзіліс жариялауды сұрады. Үзілістен кейін ол бұл жағдай оның денсаулығына қатты әсер етіп жатқанын айтты.

«Бұл жағдай менің психикалық, менталдық денсаулығыма қатты әсер етуде. Неге бізге бұл бап бойынша айып тағылып отырғаны түсініксіз. Мұны 214-бапты ауырлату үшін жасағандай әсер қалдырады. Мен бұл ақшаны шығарған жоқпын, қолма-қол шешкен жоқпын, олар компания ішіндегі шоттар арасында аударылған, қазір де есепшотта тұр», - деді ол.

Төлегенова сондай-ақ мемлекеттен жалтару немесе қарсы шығу ниеті болмағанын атап өтті.

«Басқа блогерлерде де сот болды, апелляция өтті, неге оларда іс сол жерде аяқталды, ал бізге қатысты қылмыстық қудалау жүріп жатыр?» деп сұрады ол.

Оның айтуынша, сол кезде заң бұзғандарын түсінбеген. Сонымен қатар, тергеумен ынтымақтастықта болғанын және ештеңе жасырмағанын айтты. Сөзінің соңында Төлегенова соттан істі әділ қарауды сұрады.

Жанәбіловтер ісі бойынша сот процесі жалғасуда.

Еске сала кетейік, өткен сот отырысында блогер Ерболат Жанәбілов жауап берген. Ол сотта жылап, кінәсін ішінара мойындаған.

«Неге дәл біз екенін түсінбеймін. Бұл біздің аналарымызға, ата-аналарымызға өте ауыр тиіп жатыр. Мүмкін біреудің жолын кескен шығармыз? Менің орнымда кез келген адам болуы мүмкін. Бүгін болмаса, ертең. Мұндай жағдайға түсуді жауларыма да тілемеймін», — деді ол.

16 наурызда Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты негізгі сот процесі басталды. Ерлі-зайыпты журналистердің сот барысында оларды видеоға және фотоға түсіруіне қарсы болды.

«Менің үлкен балам мектепке барады, оған біздің жеке өміріміз туралы орынсыз сұрақтар қойылып жатыр», - деп түсіндірді Т-Төлегенова.

Адвокат сотты жабық режимде өткізуді сұрады, бірақ прокурорлар қарсы шықты. Нәтижесінде сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Сонымен қатар, адвокат істі прокурорға қайтаруды сұрады.

Бұған дейін сотта аға прокурор көмекшісі Олжас Хайруллаев айыптау актісін оқыды. Онда Жанәбіловтер көрсеткен жүлделер қатысушылардың ақшасына сатып алынғаны, ал жарнамада олар ұйымдастырушылардың өз қаражаты есебінен беріледі деген әсер қалыптастырылғаны айтылған. Тергеу мәліметінше, блогерлер жобасына байланысты шоттарға 247 миллион 653 мың теңге түскен.

Жанәбілов пен Төлегенова бұған дейін судьяның кінәні мойындайсыздар ма деген сұрағына жауап беруден бас тартқан.

Автор
Жарқын Омаров

C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері kznews.kz тілшісі