Австралияда ұлын қатерлі ісікпен ауырады деп жалған айтып, сол арқылы ақша жинаған ана түрмеге қамалды, деп хабарлайды kznews.kz ВВС-ге сілтеме жасап.
Оңтүстік Австралияның 45 жастағы тұрғыны алты жасар ұлының шашы мен қасын қырып, басы мен қолын таңып, оған түрлі дәрілер беріп, айналасындағыларды баланың қатерлі ісікпен ауыратынына сендірген. Осылайша ол туыстары мен достарынан мыңдаған доллар жинаған.
Әйел сотта баласына зиян келтіруі мүмкін әрекеттер жасағаны және алаяқтықтың 10 дерегі бойынша кінәсін мойындаған.
Тергеу барысында белгілі болғандай, жалған ақпарат баланың көз дәрігеріне барғаннан кейін басталған. Сол қабылдаудан соң ол жұртқа ұлының көз қатерлі ісігі бар деп айтқан.
Анасы баланы мүгедектер арбасына отырғызып, оның күнделікті белсенділігін шектеген, сонымен қатар ол сәулелік терапия алып жатыр деген әсер қалыптастырған. Бұдан бөлек, балаға ауырсынуды басатын дәрілер мен түрлі қоспалар берген.
Қорғаушы адвокат әйелдің COVID-19 пандемиясынан кейін құмар ойындарға тәуелді болып қалғанын және сол жағдай оны осындай әрекетке итермелегенін айтқанымен, оның балаға қасақана зиян келтіргісі келмегенін алға тартты.
Алғашында күйеуіне де айып тағылған, алайда кейін іс тоқтатылған.
Сот әйелді 4 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ол келесі жылдың сәуір айында шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш бере алады.