Ресейдің Подмосковье облысына қарасты Одинцово қаласындағы Лесной поселкесінде жантүршігерлік оқиға тіркелді. Telegram-арна 112 таратқан мәліметке сәйкес, жас ана 7 айлық сәбиін қолында көтеріп жүріп, оны кездейсоқ қайнап тұрған сорпаға түсіріп алған, деп хабарлайды kznews.kz.
Әйелдің айтуынша, ол асханада тамақ дайындап жатқан, ал сәби сол сәтте қолында болған. Бір мезетте бала бұлқынып кетіп, қолынан сырғанап түсіп, тікелей қайнап тұрған ыдыстың ішіне құлаған. Соның салдарынан нәресте денесінің 90 пайызын күйік шалған.
Оқиға орнына дереу жедел жәрдем шақырылып, сәби шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Қазіргі уақытта дәрігерлер оның өмірін аман алып қалу үшін бар күшін салып, интенсивті терапия жүргізіп жатыр. Дәрігерлер жағдайдың өте ауыр екенін мәлімдеген.
Бұл жағдай жұртшылықтың жүрегін ауыртып, балалардың қауіпсіздігіне қатысты талқыларға себеп болды. Көпшілік жас ананың жағдайына түсіністік танытса, кейбіреулер ас үйдегі қауіпсіздік шараларының маңызын еске салуда.