Жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтар өздеріне рақымшылық жасауды және көлік жүргізу құқығын қайтаруды сұрап жатыр. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым осы мәселеге қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды kznews.kz.
Мәжіліс отырысында депутат қазіргі кезде жүргізуші құқығынан айырылғандардан жиі өтініш түсіп жатқанын айтты. Айтуынша, олар рақымшылыққа ілігіп, қайтадан көлік жүргізуге рұқсат беруді сұрайды.
Айдос Сарымның айтуынша, депутаттардың «бұған баруға моральдық құқығы жоқ». Оның сөзінше, жүргізуші куәлігінен айырылғандар – заңды жүйелі түрде бұзған және мас күйінде көлік жүргізген адамдар.
«Бұл жай ғана зиянсыз құқық бұзушылар емес, кісі өлтірушілер. Олар бұрын да басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген. Егер оларға рақымшылық жасалса, біз ертең тағы біреудің өміріне қауіп төндіруге мүмкіндік береміз», – деді депутат.
Оның айтуынша, рақымшылық мемлекеттің гуманизмінің көрінісі. Бірақ бұл қағида адам өміріне қауіп төндіретіндерге қолданылмауы тиіс.
«Біз жүргізуші куәлігінен айырылғандарға рақымшылық жасап, қайтадан көлік жүргізу құқығын қайтаруға үзілді-кесілді қарсымыз. Біздің міндетіміз – заң қабылдап, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау. Біз заң бұзғандарды ақтауға емес, жаңа қылмыстар мен қайғылы жағдайлардың алдын алуға тиіспіз», – деді ол.
Мысал ретінде депутат Әл-Фараби даңғылы бойында болған қайғылы жол апатын атады. Оның айтуынша, бұл оқиға елдегі заңдардың жеткіліктілігі туралы маңызды сұрақ көтерді.
«Апат салдарынан үш адам қаза тапты. Балалар ата-анасыз қалды, ал ата-аналар балаларынан айырылды. Бұл қайғылы жағдай олардың өмірін түбегейлі өзгертті. Мұндай жағдайлар қоғамда қорқыныш пен әділетсіздік сезімін тудырады», – деді депутат.
Соңында ол мұндай оқиғалар билік пен заңға деген сенімді әлсірететінін атап өтті.
Депутаттың айтуынша, мас күйінде жасалған жол апаттары, әсіресе адам өліміне әкелген жағдайлар үшін жазаны қайта қарастырып, қатаңдату қажет.
Айта кетейік, 21 наурызда Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында ауыр жол апаты болды. Zeekr көлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Салдарынан 29 жастағы жүргізуші және 20 мен 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында қаза тапты. Zeekr жүргізушісі аман қалып, ауруханаға жеткізілді. 26 наурызда сот оны қамауға алды. Анықталғандай, апат кезінде ол жеңіл дәрежеде мас болған.
Оған Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі («Жол қозғалысы ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу») бойынша іс қозғалды. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.