Әнші Балжан Бидаш "Жарқыраған жұлдыз" бағдарламасына берген сұхбатында өнер жолының алғашқы кезеңдерін еске алып, бұрын айтылмаған қызықты деректермен бөлісті, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, Қызылордадан Алматыға алғаш келген кезде жатақхана емес, бір бөлмелі жалдамалы пәтерде бір топ өнерпаздармен бірге тұрған.
"Қызылордадан Алматыға алғаш келгенде жатақханада емес, бір бөлмелі жалдамалы пәтерде тұрдым. Мен, Бақыт Бидаш ағам, Серік Ибрагимов ағам, Шоқан Уәлихан деген әнші жігіт, Сымбат деген әпкем – бәріміз бірге тұрдық. Студент кезімізде осылай бір бөлмеде 5-6 адам болып тұрған кезіміз болды. Кейін бәріміз бірге екі бөлмелі пәтерге көштік. 3 курс оқып жүргенімде KeshYou тобының мүшесі болып, Ақбота екеуміз бірге тұрдық", – деді ол.
Әнші алғашқы курстарда ағаларымен бірге тұрғандықтан жеке өмірге уақыт болмағанын да жасырмады.
"Алғашқы курстарда ағаларыммен бірге тұрғандықтан жеке өмір деген жоқ. Олар мені аңдып жүретін. Мен үшін қорқады, мен үшін уайымдайды. Кешкі 21.00 кешігіп келсем, Серік аға мені іздеп, ұрысатын", – деді ол.