Қазақстандағы ең қымбат мектеп бітіру кеші қалай өтті?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

«Әділет» партиясы тау-кен саласындағы жаңа бастамаларын жариялады

«Әділет» партиясы тау-кен саласындағы жаңа бастамаларын жариялады
Фото: Әділет партиясы

«Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі алаңында саяси ұйым төрағасы Айбек Дәдебай мен тау-кен металлургия кешені басшылары кездесіп, отандық өнеркәсіпті дамыту мен шикізатты терең өңдеу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды kznews.kz.

Қазақстанның минералды шикізат қоры аса бай екенін еске салған Айбек Дәдебай мемлекет тек шикізат экспорттап қоймай, оны ел ішінде терең өңдеу арқылы жаңа өндіріс орындарын ашуы қажеттігін алға тартты.

«Бұл – тек экономикалық мәселе емес. Бұл – әділдік мәселесі. Жер байлығы халықтың әл-ауқатына айналуға тиіс. Сондықтан «Әділет» партиясы терең өңдеу ісін дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және жоғары деңгейде өңделген өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған Президенттің стратегиялық бағдарын толық қолдайды», – деді Партия Төрағасы.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша тау-кен металлургия кешені мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің 8%-ын қамтамасыз етіп, өндіріс көлемі 14 трлн теңгеден асса, ал экспорт 21,4 млрд долларды құраған. Бұл ретте «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Нариман Абсаметов сирек кездесетін минералдарға қолжетімділік елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын жеткізді.

«Сирек кездесетін минералдарға қолжетімділік мемлекеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды факторлардың біріне айналуда. Қазақстан бірегей минералды шикізат базасына ие және оны тиімді игеру қадамы еліміздің әлемдік нарықтағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Нариман Абсаметов.

Жиын барысында Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец транзиттік тасымалдан түсетін кірістерді бөлудің теңгерімді тәсілін қарастыруды ұсынса, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі саланы дамыту үшін мемлекет пен бизнес арасындағы тұрақты байланыстың маңыздылығына тоқталды.

«Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі отандық өнеркәсіпті дамытуға және Қазақстан экономикасын нығайтуға бағытталған бастамаларды әзірлейтін тиімді алаңға айналатынына сенімдімін», – деді Руслан Өскенәлі.

Кәсіпорындарды жаңғырту мен білікті кадрлар даярлау мәселесіне назар аударған «Qarmet» АҚ басшысы Вадим Басин өндірісті қауіпсіздік пен еңбек жағдайын жақсартусыз дамыту мүмкін емес екенін баса айтты.

«Өнеркәсіп секторы үшін әділдік – адамның еңбегін құрметтеу деген сөз. Кәсіпорын қауіпсіздік есебінен емес, өз алдына дамуға тиіс. Инвестиция тек жабдықтарға ғана емес, адамдарға да бағытталуы керек», – деді Вадим Басин.

Басқосуды қорытындылаған Айбек Дәдебай бизнес өкілдері мен сарапшылардың айтқан ұсыныстарының барлығы сарапталып, тау-кен саласын дамытуға арналған бірыңғай бастамалар топтамасына енгізілетінін мәлімдеді.

«Бүгін нақты әрі шын мәнінде аса маңызды өте көп ұсыныс айтылды. Олардың әрқайсысы жан-жақты қаралып, жүйеленіп, Іскерлік кеңестің алдағы жұмысының бір бөлігіне айналады. Біздің міндетіміз – бизнес пен мемлекет арасындағы диалогтың күн сайын жалғасуын қамтамасыз ету», – деп түйіндеді Айбек Дәдебай.

Ресми кездесу соңында «Әділет» партиясының жаңа мүшелеріне партиялық билеттер табысталды.

Автор
KZNEWS

Қазақстан және әлем жаңалықтары