Құрылтай депутаттарына депутаттық әдеп талаптарын бұзған жағдайда тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін. Оның ішінде бір күндік жалақысынан айыру да қарастырылған. Бұл туралы Құрылтайдың алғашқы брифингінде депутат Дания Еспаева айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның сөзінше, депутаттық әдеп ережелері парламент қабырғасымен ғана шектелмейді. Құрылтай депутаты жұмыс уақытында да, одан тыс жерде де өзін жоғары моральдық талаптарға сай ұстауы керек.
«Депутат жоғары моральдық қасиеттері бар адам болуы керек, оған қойылатын талап та жоғары. Сондықтан оның қай жерде жүргеніне қарамастан, жұмыс орнында ма, әлде Құрылтайдан тыс жерде ме, депутаттық әдеп талаптары оған қолданылады», – деді Еспаева.
Сонымен қатар депутаттардың бұқаралық ақпарат құралдарына берген мәлімдемелеріне де талап қойылады. Олар журналистерге ақпарат бермес бұрын айтатын деректерінің дұрыстығын тексеруі тиіс. Егер депутат шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет таратса, бұл әдеп нормасын бұзу ретінде қаралуы мүмкін.
Депутаттарға қатысты шағымдарды арнайы Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес қарайды. Қазір оның құрамы мен төрағасы әлі бекітілген жоқ. Оларды Құрылтай бюросының алдағы отырыстарының бірінде анықтау жоспарланып отыр.
Әдеп талаптарын бұзған депутатқа ескерту немесе сөгіс жариялануы, сондай-ақ көпшілік алдында кешірім сұрау міндеттелуі мүмкін. Ауыр жағдайда депутат бір немесе үш отырыста сөз сөйлеу құқығынан айырылып, Құрылтай отырысынан шығарылуы мүмкін. Бұдан бөлек, бір күндік жалақысынан айыру жазасы да қарастырылған.
Еспаеваның айтуынша, кеңеске жеке және заңды тұлғалардан өтініш түсе алады. Арыз түскен депутатқа өз түсініктемесін беріп, сөзін айтуға мүмкіндік беріледі. Осыдан кейін ғана қандай да бір тәртіптік шара қолдану туралы шешім қабылданады.
Кеңес депутаттарды жазалаумен қатар, оларға депутаттық әдеп талаптарын түсіндірумен де айналысады. Бұл қазіргі Құрылтай құрамының едәуір жаңаруына байланысты маңызды. Еспаеваның мәліметінше, қазіргі шақырылым депутаттарының шамамен 78 пайызы парламентке алғаш рет келген.