Бұған дейін оның ұсталғаны және адам ұрлау дерегіне қатысы болуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Жансейіт Қайнарбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
ҰҚК ресми жауабында тергеу басталғанын растағанымен, өзге мәліметтерді жариялаудан бас тартты.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ведомство хабарламасында.
Ал Koza4kov_BOT Telegram-арнасының жазуынша, Қайнарбаевпен бірге бұл іске Самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекенов те қатысы бар тұлға ретінде аталып отыр. Қылмыстық іс алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған адам ұрлау дерегі бойынша тергеліп жатыр.
Арна мәліметінше, оқиға Ақтауда болған. Болжам бойынша, Қайнарбаев танысымен кездесіп, кейін оның кетуіне мүмкіндік бермей, «Lexus 600» көлігінде күштеп ұстаған. Оған Бисекенов пен оның адамдары көмектескен болуы мүмкін. Кейін ер адамды қала сыртына алып кетпек болған сегіз адамнан тұратын топты ҰҚК-нің Маңғыстау облысы бойынша департаменті қызметкерлері жол үстінде ұстаған.
Кейін Telegram-арнасы ҰҚК-нің ақпаратты растағанын жазды. Хабарламада күдіктілердің Ақтауда бір адамды күштеп алып кетуге әрекеттеніп, оның телефонын тартып алғаны айтылған. Алайда ведомство бұл жайттарды ресми түрде нақтылаған жоқ.
Айта кетейік, Жансейіт Қайнарбаев 2024 жылғы ақпаннан 2026 жылғы қыркүйекке дейін Жаңаөзен қаласының әкімі қызметін атқарды. Кейін Қарақия ауданының әкімі болып тағайындалды.
Ал 46 жастағы Манарбек Бисекенов Самбо федерациясының бірінші вице-президенті қызметімен қатар, өңірдегі бірнеше спорт ұйымын басқарған.