KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Абай облысында 20 жастағы қызды өлтірген жігіт 14 жылға сотталды

• Қайсар Қанат
Түрме. Көрнекі фото: Photo by Sam Scholes/Getty Images

Қайғылы оқиға биыл 13 шілдеде Бородулиха ауылында болған. Дильназдың денесі елді мекен маңынан табылған. Тергеу нұсқасы бойынша, қыз бен оның бұрынғы жігіті арасында жанжал туындап, кейін бойжеткенге бірнеше рет пышақ жарақаты салынған.

Сот қандай үкім шығарды?

13 қазанда Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі қарауды аяқтады.

Сотталушы Қылмыстық кодекстің адам өлтіруге қатысты бабы бойынша кінәлі деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Үкім заңды күшіне енгенге дейін сотталушы қамауда қалады. Оның бұған дейін қамауда болған уақыты жазаны өтеу мерзіміне заңда белгіленген тәртіппен есептеледі.

Марқұмның отбасына 20 миллион теңге өтемақы төленеді

Сот Дильназ Жұмағұлованың ата-анасының азаматтық талабын ішінара қанағаттандырған.

Сотталушыдан жәбірленушілердің пайдасына 20 миллион теңге моральдық зиян, 1 169 600 теңге материалдық шығын және 500 мың теңге өкілдік шығын өндіру туралы шешім қабылданды.

Бұдан бөлек, сотталушыға мемлекеттік баж, сот шығындары және жәбірленушілерге өтемақы қорына міндетті төлемдер жүктелген.

Сот барысында айыпталушы кінәсін ішінара мойындаған.

Марқұмның ата-анасы үкімге апелляциялық шағым түсіру мәселесін әлі шешпегені хабарланды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →