KZNews.kz
Алматы қаласы

Тау туризмінің жаһандық көшбасшысы Алматыда әлемдік деңгейдегі курорт салады

Абзал Бахытжан
Сурет: primeminister.kz

Франциядағы әлемге әйгілі Куршевель курортын дамытқан PGI Management компаниясы Қазақстанда тау шаңғысы курортын салу үшін жаңа компания тіркеді, деп хабарлайды KzNews.

Франциялық компания «Астана» халықаралық қаржы орталығында PGI Kazakhstan Ltd. деп аталатын жаңа компанияны тіркеп, Алматы тау кластерін дамыту бойынша маңызды қадам жасады. Жоба Almaty SuperSki деп аталады және Құмбел шыңы мен Көк-Жайлау шатқалы ауданында жүзеге асырылады.

Бұған дейін, 2025 жылдың сәуір айында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов PGI Management президенті Жоан Виладоматпен кездесіп, әлемдік деңгейдегі курорт құру перспективаларын талқылаған болатын. Бектенов тау туризмін дамыту экономиканы әртараптандырудың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Жоба бойынша, курорттағы шаңғы жолдарының жалпы ұзындығы 65 шақырымнан асады және оның жартысына жуығы жаңадан бастағандарға арналады. Компания табиғатқа аз зиян келтіру, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану және 5 мыңнан астам жұмыс орнын құру сияқты міндеттерді көздеп отыр. Болжам бойынша, 2029 жылға қарай курорттардың өткізу қабілеті 5,6 есеге, ал аспалы жолдардың саны 16-дан 58-ге дейін артады.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының таулы аймағында көпқабатты үйлер салуға мораторий енгізген еді. Алайда, бұл тыйым «Көк-Жайлау» сияқты экологиялық қауіпсіздіктің жоғары стандарттарына толық сәйкес келетін, мұқият жоспарланған жобаларға қолданылмайтыны ерекше атап өтілген.

Абзал Бахытжан
Автордың басқа материалдары