Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде “хайп” жасау және видео жариялау мақсатында табиғи және тарихи нысандарды бүлдіру жағдайлары жиілеп отыр. Мұндай әрекеттер елдің мәдени және табиғи мұрасына зиян келтіріп, заңмен көзделген жауапкершілікке әкеп соғады, деп хабарлайды kznews.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Табиғи ескерткіштер, қорықтар, ұлттық парктер және тарихи нысандар — Қазақстан Республикасының ұлттық қазынасы және мемлекет қорғауында.
Жартастарға, ескерткіштерге және өзге де мәдени әрі табиғи объектілерге жазу жазу, оларды зақымдау – заң бұзушылыққа жатады. Бұл үшін жауапкершілік қарастырылған.
"Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 294-бабына (Вандализм) сәйкес, мемлекет қорғауындағы объектілерді бүлдіргені үшін 100-ден 2000 АЕК-ге дейін айыппұл салу (2026 жылы 432 500-ден 8 650 000 теңгеге дейін), қоғамдық жұмыстарға тарту, 50 тәулікке дейін қамау, бас бостандығын шектеу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген", - делінген хабарламада.
ІІМ еске салады: өз еліңнің табиғаты, тарихы және айналаға құрмет көрсету – әр азаматтың міндеті. Вандализмнің кез келген көрінісі қатаң құқықтық бағасын алады, себебі Заң мен тәртіп әр азаматтың жауапкершілігіне негізделген, ал мұндай құқық бұзушылықтар үшін қатаң жаза бар.