KZNews.kz
Қаржы

7 трлн теңгенің жыры: Тексеру қашан аяқталады?

Фото: ашық дереккөздерден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Қаржы бақылау агенттігінің алқа отырысында екінші деңгейлі банк арқылы көрші елдің бірінен үшінші елге ірі көлемде ақша аударымы жасалғанын айтқан еді.

Бұл мәлімет қоғамда үлкен резонанс туғызып, кейіннен ол туралы ақпарат ашық дереккөздерден алынып тасталған болатын. Ал Президент арнайы органдарға тексеру жүргізу туралы пәрмен берген-ді.

Күні кеше Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов осы мәселеге орай түсінік берді. Бұл туралы BES.media басылымы эксклюзивті ақпарат таратты.

Қаржы ұйымы басшысының орынбасары аталған жайға орай басталған тексеру жұмыстарының әлі аяқталмағанына айта келе, Тоқаев айтқан аса ірі көлемдегі ақша аударымы қатысты жеке пікірін де білдірген екен.

- Атап өткім келеді, айтылған 7 трлн теңге банк операциясындағы жалпы айналым сомасы болуы мүмкін. Айналым деген не? Егер, біз бір күн ішінде бір-бірімізге 1000 теңге аударып отырсақ, ол жыл соңында біздің есеп-шоттарымыздың арасында орасан зор сома қозғалысы болғанын көрсетеді. Тиісінше, 7 трлн теңге туралы ақпаратқа қатысты да осылай болып отыр. Қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк тарапынан тексеру жалғасуда. Бірақ, алдын ала болжам ерекше құқықбұзушылық белгілері жоқ сияқты, - деді Берік Шолпанқұлов BES.media порталының тілшісіне берген жедел сұхбатында.

Лауазымды тұлға нақты қай банкті тексеріп жатқанын жарияламады. Сондай-ақ, Шолпанқұлов Мемлекет басшысының назарына ұсынылып, сынға ұшыраған 7 трлн теңге туралы деректердің анық-қанығына жауап бермейтінін айтты.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте баста...
Автордың басқа материалдары →