KZNEWS.KZ
Сараптама

6,5 трлн теңгенің бағы мен соры: Ұлттық қордың қаржысы қайда жұмсалады?

Фото: kursiv.media

Президент Жолдауында айтылып, пысықталған бұл шешімге қатысты отандық сарапшылар әртүрлі пайымдар айтуда. Мысалы, саясаттанушы Данияр Әшімбаев осы қаражаттың бөлінуіне назар аударып, оның негізгі бағыттарын атап өткен екен. Әшімбаев келтірген мәліметке сәйкес, 2027 жылғы трансферттің 999 млрд теңгесі көлік инфрақұрылымын дамыту мен жаңғыртуға жұмсалады. Оның ішінде тау кластері, мемлекеттік шекара және авиация инфрақұрылымы бар. Сонымен қатар энергетика саласына 429 млрд, әлеуметтік нысандар құрылысына 251 млрд, су ресурстарын басқаруға 123 млрд теңге қарастырылған. Ал қорғаныс, қылмыстық-атқару жүйесі, төтенше жағдайлар және қоғамдық қауіпсіздік нысандарына 57 млрд, ғарыш саласына 28 млрд теңге бөлінеді.

- Жалпы, бұл бөліністен Үкіметтің көлік-логистика мен энергетиканы дамытуға басымдық беріп отырғанын байқауға болады. Алайда, жарияланған алты бағыттың жиынтық сомасы 1 трлн 887 млрд теңге ғана. Яғни 2 трлн теңгенің қалған 113 млрд теңгесі қандай мақсатқа жұмсалатыны қосымша түсіндіруді қажет етеді, - дейді Данияр Әшімбаев.

Бұл жердегі назар аударатын  тағы бір маңызды мәселе 2028–2029 жылдарға арналған трансферттер болып отыр. Осы кезеңде республикалық бюджетке жыл сайын 1,5 трлн теңгеден аудару көзделген. Осылайша, үш жылда Ұлттық қордан алынатын нысаналы трансферттердің жалпы көлемі 5 трлн теңгеге жетеді.

Әлбетте, мұны тек инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру деп қарастыру жеткіліксіз. Өйткені, Ұлттық қордың негізгі міндеті мұнай кірістерін жинақтау және болашақ ұрпақтың мүддесін қорғау-ды. Ал қордан бюджетке тұрақты түрде қомақты қаражат аудару экономиканың мұнай кірістеріне тәуелділігі мәселесін қайта көтереді.

Бұған қоса, нысаналы трансферттер кепілдендірілген трансферттермен қатар жүреді. Үш жылға арналған жоспар бойынша, осы екі бағытты қосқанда Ұлттық қордан республикалық бюджетке 11,86 трлн теңге аудару көзделіп отыр.

- Әрине, көлік жолдары, энергетикалық қуаттар, су жүйелері мен әлеуметтік нысандар елдің ұзақ мерзімді дамуына қажет. Бірақ, мұндай жобалардың тиімділігі бөлінген қаражаттың көлемімен емес, нақты экономикалық қайтарымымен өлшенуі тиіс. Мәселен, көлік инфрақұрылымына бағытталған 999 млрд теңге транзиттік әлеуетті қаншалықты арттырады? Энергетикаға бөлінетін 429 млрд теңге электр тапшылығын азайтуға қандай үлес қосады? Су ресурстарына арналған 123 млрд теңге өңірлердегі су мәселесін шешуге жеткілікті ме? Бұл сұрақтар өте маңызды. Себебі, Ұлттық қор қаражаты қайтарымы бар инвестицияға айналмаса, оның бюджетке аударылуы уақытша қаржылық қолдаудан әрі аспайды, - дейді сарапшы.

Үкіметтің есебінше, үш жыл ішінде 347 стратегиялық жоба іске асырылып, шамамен 31 мың жұмыс орны ашылады. Ал 13 млн адам инфрақұрылымдық игіліктермен қамтымақ. Ендігі екпін осы көрсеткіштердің орындалуын бақылау, әрбір жобаның құны мен мердігерлері туралы ақпаратты ашық жариялауда болатын сияқты.

Тоқетерін айтқанда, Ұлттық қор бюджет тапшылығын кез келген уақытта толықтыра беретін шексіз қаржы көзі емес. Сондықтан алдағы үш жылда алынатын 5 трлн теңгенің нәтижесі ел экономикасының жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруы керек деген нақты міндет пен талаппен негізделуге тиіс. Әйтпесе, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған қаражаттың өзі бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігін жалғастыратын тетікке айналуып кетуі ғажап емес...

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →