Жаңалықтар

40 градус аяз, қар мен тұман: 19 қаңтарға ауа райы болжамы

Дархан Тоқан Дархан Тоқан
40 градус аяз, қар мен тұман: 19 қаңтарға ауа райы болжамы
Ауа райы болжамы қаңтар айы

19 қаңтар, дүйсенбі күні Қазақстанның бірқатар аймағында 40 градусқа дейін аяз күшейіп, кей өңірлерде қар, бұрқасын, тұман және көктайғақ күтіледі. Бұл туралы синоптиктер өңірлер бойынша болжам жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.

Елдің оңтүстігінде ауа райы «екіұдай» болмақ: Түркістан облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында көктайғақ күтіледі, ал батысы, солтүстігі және таулы өңірлерінде тұман түседі. Шымкентте күндіз көктайғақ байқалып, кей уақыттарда тұман қоюлануы мүмкін. Жамбыл облысында да тұман мен көктайғақ жиілеп, Таразда дәл осындай жағдай қайталануы ықтимал.

Батыс өңірлерде тұман мен тайғақ басты қауіпке айналады: Атырау облысының солтүстігі мен оңтүстігінде тұман басып, көктайғақ болады. Маңғыстау облысының солтүстік-шығысында тұман күтіледі, ал түнде солтүстік-батысында жел екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Сондай-ақ өңірдің солтүстік-шығысында түнде 22 градус қатты аяз болжанған.

Солтүстік пен орталықта қардың «мінезі» қаталдау: Солтүстік Қазақстан облысында қар жауады, күндіз батысы, оңтүстігі және шығысында қар күшейіп, жаяу бұрқасын соғуы ықтимал. Павлодар облысының солтүстігінде де қар мен бұрқасын күтіледі. Ақмола облысының батысы мен солтүстігінде қар, жаяу бұрқасын болады, күндіз батысы, солтүстігі және шығысында да осы құбылыстар қайталанады, жел екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Шығысқа қарай аяз қайта қысады: Абай облысының оңтүстігінде тұман түсіп, жел шығыстан және оңтүстік-шығыстан соғады, облыстың солтүстігі мен орталығында 15-20 м/с, Жарма ауданында екпіні 25 м/с-қа дейін күшейеді. Түнде облыстың шығысында 40 градус қатты аяз күтіледі. Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында тұман болып, түнде өңір бойынша 40 градус қатты аяз сақталады, ал Өскеменде тұман күтіледі.

Қостанай облысында да қарлы күн: солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде қар жауып, жаяу бұрқасын соғады, Қостанай қаласында да қар мен бұрқасын күтіледі. Жетісу облысының таулы аудандарында кей уақыттарда тұман түсіп, көктайғақ болады, Алакөл маңында жел екпіні 15-20 м/с, кей уақытта 23-28 м/с-қа дейін үдеуі мүмкін. Түнде өңірде 25-27 градус қатты аяз болжанады, ал Қызылорда облысының оңтүстігінде тұман күтіледі.

Риддер мен Өскемен қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты ҚМЖ туралы екінші дәрежелі ескерту сақталады. Мұндай күндері жолға шыққанда көктайғақ пен тұманды ескеріп, жылдамдықты азайтып, алыс жолға қажет болса ғана шыққан дұрыс.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz