Жаңалықтар

10 қаңтарға ауа райы болжамы: қай өңірлерде сақ болу керек

Дархан Тоқан Дархан Тоқан
10 қаңтарға ауа райы болжамы: қай өңірлерде сақ болу керек
Қаңтар айы ауа райы болжамы

Қазгидромет 10 қаңтарда еліміздің бірқатар аймағында қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен оңтүстік-шығысында жаяу бұрқасын күтіледі. Түнгі және таңғы уақытта облыстың оңтүстігінде тұман түсіп, жел шығыс пен оңтүстік-шығыстан соғады, екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Өскемен қаласында да жаяу бұрқасын байқалып, желдің екпіні 15–20 м/с шамасында болады.

Абай облысының солтүстігі мен орталығында жаяу бұрқасын болады. Түнде және таңертең облыстың оңтүстігінде тұман түседі, ал жел оңтүстік-шығыстан соғып, солтүстік пен орталықта 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Жарма ауданында жел екпіні 25 м/с-қа дейін жетуі ықтимал, Семей қаласында да жаяу бұрқасын болжанады.

Маңғыстау облысының батысында көктайғақ күтіледі, ал батыс, оңтүстік және орталық бөлігінде тұман түседі. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, кейін солтүстік-батысқа ауысады, кей тұста екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Ақтауда түнгі және таңғы уақытта тұман жиілеп, күндіз жел 15–20 м/с жылдамдыққа жетуі мүмкін.

Атырау облысының солтүстігі, оңтүстігі және шығысында тұман мен көктайғақ қатар болады. Жел бағыты өзгеріп, оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысады, облыстың оңтүстігі мен шығысында екпіні 15–20 м/с-қа дейін үдейді. Атырау қаласында да кей уақыттарда тұман түсіп, жол беті мұздап, желдің күшеюі ықтимал (15–18 м/с).

Ақтөбе облысының батысы, солтүстігі және орталығында көктайғақ болжанады. Сонымен бірге солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде тұман түседі, күндіз желдің екпіні кей жерде 15–18 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Ақтөбе қаласында күндіз көктайғаққа байланысты жүргізушілерге жылдамдықты шектеу ұсынылады.

Батыс Қазақстан облысында түнде қар жауып, жаяу бұрқасын мен көктайғақ қатар жүреді, күндіз де мұздану қаупі сақталады. Облыстың батысы, солтүстігі және оңтүстігінде тұман түседі, жел оңтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ауысып, кей аумақта 15–20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Орал қаласында түнде қар мен бұрқасын байқалып, таңертең тұман қоюланады деп күтіледі.

Түркістан облысының батысы, солтүстігі, оңтүстігі және таулы аудандарында тұман түседі. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел таулы өңірлерде 15–20 м/с-қа дейін күшеймек. Шымкент пен Түркістан қалаларында да кей уақыттарда тұман болып, көріну қашықтығы төмендеуі ықтимал.

Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында ара-тұра тұман түседі. Қостанай облысының батысы, солтүстігі және оңтүстігінде, сондай-ақ Қостанай қаласында тұман күтіледі. Бұл өңірлерде әсіресе түнгі және таңғы мезгілде жолдағы көру мүмкіндігі нашарлауы мүмкін.

Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында кей уақыттарда тұман түседі. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел түнде облыстың солтүстігінде 15–20 м/с-қа дейін үдеуі мүмкін. Солтүстік Қазақстан облысының батысы, солтүстігі және оңтүстігінде тұман күтіліп, түнде облыстың оңтүстігі мен шығысында желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетуі ықтимал, Петропавлда түнгі және таңғы тұман жиілейді.

Павлодар облысының солтүстігі мен шығысында тұман түседі. Қызылорда облысының батысы мен орталығында көктайғақ болып, солтүстік және орталық бөлігінде тұман күтіледі, Қызылорда қаласында да кей уақытта тұман түседі. Жамбыл облысының солтүстігі, оңтүстігі және таулы аудандарында тұман мен көктайғақ болады, ал жел бағыты өзгеріп, кей күндері таулы және бірқатар аумақта 15–20 м/с-қа дейін күшеймек, Таразда да тұман мен көктайғақ ара-тұра қайталанады.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz