2023 жылдың 24 ақпанында Darkhan Juzz атымен танылған қазақстандық музыкант Дархан Жүнісбеков Таиландта болған жол апатынан көз жұмған еді. Арада жылдар өтсе де, әншінің шығармашылығы мен өмірінде айтқан ойлары тыңдармандарының жадынан өшкен жоқ. Желіде марқұм өнер иесінің тірі кезінде берген сұхбаты қайта тарап, көпшіліктің көңілін босатты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сол сұхбатта Дархан Жүнісбеков өзінің болашағы туралы ерекше әрі ауыр ойымен бөліскен. Музыкант бір кездері өмірі ұзаққа созылмайтындай сезінгенін, тіпті өзін 36-37 жасқа дейін ғана өмір сүретіндей елестеткенін айтқан.
"Мен өзімді 36-37 жасқа дейін ғана өмір сүретіндей елестететінмін. Бір қайғылы жағдайдан көз жұматын сияқтымын. Алдымен танымал болып, сахнада жарқыраймын, кейін ғайып боламын деп ойлайтынмын. Бірақ уақыт өте бұл ойдан бас тарттым. Бақытты өмір сүргім келді. Қартайып, немерелерімді көргім келді, болашағымның жарқын болғанын қаладым", – деген еді әнші.
Бұл видео қайта жарияланғаннан кейін желі қолданушылары түрлі пікір қалдырды. Бірі оның сөзін ішкі түйсікпен байланыстырса, енді бірі мұны тағдырдың белгісіндей қабылдаған.
"Бәрін жүрегімен сезген екен", "Өте ерте кетті", "Тірі болғанда талай биікті бағындыратын еді", "Жақсы сөз айтып жүру керек деген осы" деп жазды жанкүйерлері.
Еске салайық, Darkhan Juzz 33 жасында Таиландтағы жол апатынан қаза тапты. Кейін Алматыда жүздеген адам Арбатқа жиналып, музыкантты еске алды. Жанкүйерлері гүл мен шам алып келіп, оның әндерін орындап, марқұмның рухына тағзым еткен болатын.
Дархан Жүнісбековтің тыңдарман жүрегінен орын алған танымал әндерінің бірі – Erikpe. Қазіргі таңда бұл туындыны әнші YENLIK орындап жүр.