KZNews.kz
Шоу-бизнес

“36 жасымда өмірім тоқтауы мүмкін”: Рамазан Амантай шұғыл мәлімдеме жасады

Айжан Сыланова
Фото: видеодан скриншот

Актер әрі ақын Рамазан Амантай денсаулығына алаңдап, өмір салтын түбегейлі өзгертуге шешім қабылдағанын мәлім етті, деп хабарлайды kznews.kz.

Өнер иесінің айтуынша, дәрігерлерге толық тексеруден өткеннен кейін оның қазіргі жағдайы аса көңіл көншітпейтінін білген. Медициналық қорытынды бойынша, егер дәл қазір әрекет етпесе, денсаулығы 36 жасқа дейін ғана шыдауы мүмкін екен.

«Мен өзгеремін деп шештім. Маған үлкен қолдауларыңыз керек. Аллаһ қаласа арық Рамазан болу жолына бірге жетеміз», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі жазбасында.
 

Сондай-ақ актер бұл жолдың оңай болмайтынын да жасырмай, өзін қолдап жүрген жандарға енді нақты іске кірісетінін жеткізді. Ол алдағы уақытта күнделікті үдерісті бөлісіп отыратынын айтты.

Рамазан Амантайдың сөзінше, бұл – кейінге қалдыруға болмайтын маңызды шешім.

«Егер дәл осы сәттен бастап өзімді қолға алмасам, 36 жасымда өмірім тоқтауы мүмкін. Болды, шегінерге мүлде жол жоқ», – дейді ол. Актер өзіне сенбейтіндер болса да, басқа амалы қалмағанын ашық жазған.

Қазіргі таңда оның салмағы 161 келіге жеткен.

«Дәрігерлерге қаралдым, толық тексерістен өттім. Нәтижесін көргенде қатты ойландым. Әрине, бәрі Алланың қолында, бірақ сақтанғанды сақтайды. Денсаулық – Құдайдың аманаты», – деп атап өтті ол. Сонымен қатар актер артық салмақтың қалай жиналып қалғанын өзі де аңғармай қалғанын айтып, салмақ қосудың оңай, ал одан арылудың өте қиын екенін ескертті.

Айжан Сыланова
Автордың басқа материалдары