Қырғызстанның Жалал-Абад облысы Ақсы ауданында 25 жастағы Айчүрөк Өмүралиеваның өліміне байланысты тергеу басталды. Марқұмның жақындары оның тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ал полиция нақты қорытынды сот-медициналық сараптамадан кейін шығарылатынын хабарлады, деп жазады kznews.kz.
Айчүрөк Өмүралиевадан екі ұл мен бір қыз қалды. Туыстарының айтуынша, әйел қайтыс болар алдында отбасындағы жағдайына шағымданып, басқа жерге көшіп кетуге көмектесуді сұраған.
Марқұмның ағасы Ақылбек Өмүралиев қарындасының қайғылы оқиға болған күні туыстары мен сыныптастарына хабарласқанын жеткізді.
"Ол туыстарына қоңырау шалып, Бішкекке кеткісі келетінін, баспана тауып беруді сұраған. Ал сыныптастарына өзін ұрып жатқан болуы мүмкін екенін және өміріне қауіп төніп тұрғанын жазған", – деді ол.
Туыстары денесінен күмәнді іздер көргенін айтты
Марқұмның жақындары әйелдің денесінде күш қолданылғанын көрсетуі мүмкін белгілер болғанын мәлімдеді. Ағасының сөзінше, оның денесінің оң жағында қызарған іздер, мойнында саусақ ізіне ұқсайтын белгілер және желке тұсында қара-көк дақтар байқалған.
Ақылбек Өмүралиев тергеу барысында денеде жарақат анықталмағаны жөніндегі ақпаратқа күмән келтірді.
"Қарындасымның денесінде жарақат жоқ деген қорытынды қандай негізде жасалды?" – деді ол.
Ал әйелдің күйеуінің туыстары тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы болжамды жоққа шығарды. Олар марқұмның өлімі қатыгездікпен байланысты емес деп есептейтінін, бірақ сараптама басқа нәтиже көрсетсе, оны қабылдайтынын айтты.
Полиция сараптама тағайындады
Жалал-Абад облыстық ішкі істер басқармасы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалғанын хабарлады.
"Сараптама қорытындысы шыққаннан кейін болған жағдайға заң талаптарына сәйкес құқықтық баға беріледі", – деді полиция өкілі.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Әйелдің өлімінің нақты себебі әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.