KZNews.kz
Саясат

«2029 жылы Қазақстанда үшінші Президент сайланады»: депутаттар президенттік мерзімді өзгертуге қатысты ойларын айтты

Жарқын Омаров
Фото: Ақорда

Жаңа Конституция қабылданған жағдайда президенттік мерзімді «жаңадан бастау» мүмкіндігіне қатысты Мәжілістегі Конституциялық комиссия құрамындағы депутаттар пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.

Журналистердің «жаңа Конституция қабылданса, президенттік мерзім нөлге теңестіріле ме?» деген сұрағына депутат Айдос Сарым мұндай қажеттілік жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, Конституцияда Президент бір рет, жеті жылға сайланатыны нақты көрсетілген және бұл норма өзгермейді. Ол 2029 жылы Қазақстанда үшінші, ал 2036 жылы төртінші Президент сайланатынын атап өтті.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бұл мәселе әлі талқыланып жатқанын, алайда қолданыстағы Конституцияда Президенттің бір ғана жеті жылдық мерзімге сайланатыны анық жазылғанын айтты.

Осы ұстанымды депутат Ерлан Саиров та қолдап, президенттік мерзімді қайта бастау туралы сөз қозғауға негіз жоқ екенін жеткізді.

Ал депутат Снежанна Имашева қазіргі Президенттің өкілеттік мерзімі 2029 жылы аяқталатынын еске салып, Конституцияда ешқандай «жаңарту» нормасы жоқ екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, 2022 жылы өткен референдумда Президенттің бір реттік жеті жылдық мерзімі туралы норма қолдау тапқан. Бұған дейін Қазақстанда Президент бес жылға сайланып, бір рет қайта сайлану құқығына ие болған.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →