KZNews.kz
Экономика

2025 жылы «Ақтау теңіз порты» АЭА-да 15 жаңа инвестициялық жоба басталды

Асқар Алтайұлы

2025 жылдың басынан бері «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы 15 жаңа қатысушы компанияны тіркеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Олар құны 121,6 млрд теңге болатын инвестициялық жобаларды жүзеге асырмақшы. Нәтижесінде 1846 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Ақтау теңіз порты» АЭА» АҚ басқарма төрағасы Мүбәрак Тулегенов мәлімдеді.

Бүгінде «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы Маңғыстау өңірінде инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және тұрақты жұмыс орындарын құру бағытында ең маңызды әрі тиімді алаңдардың бірі саналады.

Басқарма төрағасының айтуынша, жаңа жобалар қатарында Каспий теңізінде ашық теңіз жағдайында алғаш рет балық өсіретін ферма, Ақтау контейнерлік хабы, «Саржа» астық терминалы, сондай-ақ Жаңаөзен қаласында компрессорлық құбырлар өндіретін ірі зауыт бар.

- Мемлекет басшысының қолдауымен Ақтау портында контейнерлік хабтың бірінші кезеңі іске қосылды. Бұл жоба Каспий маңы және Орталық Азия елдері үшін тұрақты контейнерлік сервис қалыптастыруды, сондай-ақ заманауи логистикалық инфрақұрылымды дамытуды көздейді. Нәтижесінде порттар арқылы контейнерлік тасымал көлемі үш есеге артпақ, - деді Мүбәрак Тулегенов.

Сондай-ақ, Каспий теңізінде албырт балығын өсіретін ірі теңіз фермасы жұмысын бастады. Жоба өңір экономикасының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Мамандардың бағалауынша, алдағы жылдары балық өндірісінің көлемі мыңдаған тоннаға жетеді.

- Ал 2028 жылға қарай қуаттылығы жылына 11 млн тонна болатын «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалы пайдалануға беріледі. Қазақстан мен Қытай президенттері арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба 2030 жылға дейін Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің өткізу қабілетін жылына 5 млн тонна құрғақ жүкке және 7 млн тоннадан астам сұйық жүкке дейін арттыруға мүмкіндік береді, - деді «Ақтау теңіз порты» АЭА» АҚ атқарушы директоры Гүлмира Әбішева.

2025 жылдың алғашқы 9 айының қорытындысы бойынша арнайы экономикалық аймақ аумағына 25,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде 6,29 млрд теңгесі - шетелдік инвестициялар. Осы кезеңде 58,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 666 жаңа жұмыс орны құрылды. Салық төлемдері 5,7 млрд теңгені, ал экспорт көлемі 108,9 млн теңгені құрады.

Асқар Алтайұлы
Автордың басқа материалдары