Ведомствоның мәліметінше, тергеу аясында жарияланымдарда айтылған жайттар жан-жақты тексеріледі. Алайда қылмыстық іс бойынша өзге ақпарат әзірге жарияланбайды.
«Жарияланымдағы деректерге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның аясында барлық мән-жайлар тексерілетін болады. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – деп жауап берген ІІМ өкілдері.
Медреседе жасөспірімдерге зорлық-зомбылық жасалғаны туралы мәлімет тарады
Исматулла Мақсұмның шын есімі – Исматулла Әбдіғаппар. Total.kz басылымының хабарлауынша, оның қауымдастығына қарасты медреседе кемінде 20 жасөспірім жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы мәлімет бар.
Осы жарияланымдардан кейін құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын бастап, сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Қазір істің барлық мән-жайы анықталып жатыр. Жарияланған айыптаулардың сотта дәлелденгені туралы ақпарат жоқ.
Өзін Мәһди ретінде таныстырғаны айтылады
Бұқаралық ақпарат құралдарында Исматулла Мақсұмның ізбасарларына өзін Мәһди ретінде таныстырғаны туралы да мәліметтер жарияланған. Ислам дәстүрінде Мәһди ақырзаман алдында келетін тұлға ретінде сипатталады.
Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі тергеу барысына қатысты қосымша түсініктеме берген жоқ. Тергеу нәтижесі мен істің құқықтық бағасы ресми органдардың кейінгі мәліметтері және сот шешімі арқылы нақтылануы тиіс.