KZNews.kz
Қоғам

“2 жыл бойы мәйітті сақтаған”: Майқайыңдағы оқиғаға байланысты жаға ұстатарлық деректер шықты

Айжан Сыланова
Фото: Facebook

Павлодар облысы аумағындағы жеке тұрғын үйлердің бірінен ер адам мен әйелдің мәйіті табылды. Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл жайт ұзақ уақыт бойы көршілеріне де, марқұмдардың жақындарына да беймәлім болып келген, деп хабарлайды kznews.kz.

Алматы ТВ арнасының хабарлауынша, табылған мәйіттердің бірі үй ішінде шамамен екі жылға жуық уақыт жатқан, ал екіншісі бірнеше ай бұрын қайтыс болған болуы мүмкін. Алдын ала тергеу нұсқасы бойынша, көз жұмғандар баспананың иесіне ең жақын жандар – жұбайы мен қызы болуы ықтимал.

Мәселенің бетін медицина қызметкерлері ашқан. Ақпаратқа сәйкес, ем қабылдауы тиіс науқастардың бірі ұзақ уақыт бойы дәрігерге қаралмаған.

Көршілерінің айтуынша, бұл отбасы бұрын қалыпты өмір сүріп, аралас-құралас болған. Бір-біріне қонаққа барып, жақсы қарым-қатынаста болғанын айтады. Алайда соңғы кездері олар ешкімді үйге кіргізбей, тұйықтала бастаған. Көршілердің бірі Өміртай Шәріпжанов күйеуінің көрінбей кеткенін сұрағанда, нақты жауап ала алмағандарын жеткізді. Оның сөзінше, соңғы уақытта отбасы мүшелерінің мінез-құлқы қатты өзгерген.

Марқұмдардың жақын туыстарының бірі – үй иесінің туған әпкесі де бұл жағдайдан бейхабар болған. Көршілердің жорамалына қарағанда, әйел адам күйеуінің зейнетақысын және қызына тиесілі әлеуметтік төлемдерді алуды жалғастыру үшін мәйіттерді жасырып ұстауы мүмкін.

Үйде сондай-ақ алты жастағы қыз бала болғаны анықталды. Ол тексеру мақсатында үш күнге Майқайыңауылындағы ауруханаға орналастырылған.

Балалар омбудсмені Сәуле Шакенева қазіргі таңда баланың психоэмоционалдық жағдайы тұрақты екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, балаға профильді мамандар мен психологтар көмектесіп жатыр. Барлық заңдық рәсімдер сақтала отырып, ол Екібастұз қаласындағы Балаларды қолдау орталығына уақытша орналастырылмақ.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері барып, тиісті тергеу амалдарын бастаған. Үй иесі психикалық жағдайын анықтау үшін психиатриялық ауруханаға жеткізілді.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →