Маңғыстау облысындағы Үстірт шекара қызметінде борышын өтеп жүрген 20 жастағы сарбаз Еркебұлан Сағындық көз жұмды. Әскери бөлімдегілер туыстарына оның генератор жөндеу кезінде бензин иісіне уланып қайтыс болғанын хабарлаған. Алайда қара жамылған отбасы бұл нұсқаға сенбей отыр.
Туыстары әскери бөлім нұсқасына күмән келтіреді
Информбюро мәліметінше, шекара қызметінде тағы бір сарбаздың табыты туған жеріне жеткізілді. Әскерден аман-есен оралады деп үміттенген отбасы орны толмас қазаға тап болды.
Марқұмның анасы Гүлназ Жұмабаеваның айтуынша, ұлы бір апта бұрын ғана хабарласып, басқа бөлімге ауыстыруды сұраған.
– Сенбі күні сөйлескенде, мама басқа бөлімге ауысуға мүмкіндік бар ма деді. Таныс жоқ па деді. 5 ай қалғанда не болды деп едім. “Бензиннен уланды” дейді. Ол қалай уланады? Түсінбеймін мен, – дейді анасы.
Сарбаз қызымен хат алмасуында жағдайының қиын екенін жазған
20 жастағы Еркебұлан бар сырын үйленуге ниеттеніп жүрген Ақниет Мұқан есімді қызына айтып жүрген. Ол Маңғыстаудағы әскери бөлімге келгеніне өкінгенін және сарбаздарға жағдай жасалмағанын хаттарында жазған.
Ақниеттің сөзінше, Еркебұлан жиі ақша сұрап тұрған.
– Моторды жөндетуге ақша керек деп жазатын. Үстірт — айдаладағы жер, Ақтаудан 5-6 сағаттық қашықтықта. Дүкен де жоқ. 10-15 мың, кейде 18-20 мың теңге сұрайтын. “Қиналып кеттім” деп жиі айтатын, – дейді бойжеткен.
Тергеу басталды
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі бұл оқиғаға қатысты қысқа ғана мәлімдеме таратты.
– Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдай техникалық жұмыстар кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамау салдарынан болған. Полиция органдары қылмыстық іс қозғады, қосымша қызметтік тергеу жүргізілуде, – делінген ресми хабарламада.
Еркебұлан Сағындық — отбасындағы кенже бала, әкесінен ерте айырылған. Медициналық колледжде оқыған ол әскерден кейін үйленуді жоспарлаған. Алайда арманы орындалмады.
Марқұмның туыстары тергеудің әділ жүргізіліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етуде.
Айта кетейік, бұл — бір апта ішінде шекара қызметінде болған екінші сарбаз өлімі. 5 қазанда Алматыдағы әскери бөлімде 18 жастағы жауынгер де қаза тапқан болатын.