Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шанхайға жұмыс сапары экономикалық нәтижелерімен ерекшеленді. Сапар аясында жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісім жасалып, жасанды интеллект, көлік, өнеркәсіп, цифрландыру, қаржы және жоғары технологиялар салаларындағы ондаған бірлескен жобаға жол ашылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Жасалған келісімдер Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Құжаттар жасанды интеллект, цифрландыру, көлік инфрақұрылымы, қаржы, агроөнеркәсіп кешені, машина жасау, логистика және білім беру сияқты стратегиялық бағыттарды қамтиды.
Ең ірі келісімдердің қатарында Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Huawei Technologies арасындағы стратегиялық серіктестік туралы келісім бар. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» қоры да Huawei компаниясымен технологиялық шешімдер мен жабдықтарды сатып алу жөнінде келісімге келді.
Электр көліктері саласында да маңызды жоба іске қосылмақ. «Самұрық-Қазына», Freedom Holding, Астана қаласының әкімдігі және Geely Auto Group Қазақстанда электр көлігі инфрақұрылымын дамыту және автомобиль өндірісіне жасанды интеллектіні енгізу туралы меморандумға қол қойды.
Өнеркәсіп саласында Qarmet, Қазақстанның Даму Банкі және қытайлық Acre Coking & Refractory Engineering Consulting Corporation кокс батареялары кешені мен кокс газын тазарту жүйесін салу жөніндегі ұзақмерзімді стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім жасасты.

Автомобиль жасау бағытында «Аллюр компаниялар тобы» мен Li Auto Қазақстанда Li Auto көліктерін өндіру жөніндегі өнеркәсіптік ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Сонымен қатар, Astana Group пен Chery Holding Group Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында OMODA және JAECOO автокөліктерін шығару бойынша техникалық-лицензиялық келісімге келді.
Көлік және логистика саласында Құрық портында көпфункционалды терминал салу жөніндегі инвестициялық келісім жасалып, «Қорғас – Шығыс қақпасы» халықаралық логистикалық дәлізін дамытуға арналған эксклюзивті ынтымақтастық туралы құжатқа да қол қойылды.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында «Қазақтелеком» «Дата-орталықтар алқабын» дамыту бойынша келісімге келсе, «Транстелеком» антенналық-діңгекті құрылыстар салу жөніндегі шартқа қол қойды.
Жасанды интеллект пен робот техникасын дамытуға да ерекше назар аударылды. Qazbot Technologies пен Agibot PTE стратегиялық әріптестік орнатса, Алматы қаласының әкімдігі, NERO Group және UBTECH Robotics Алматыда жасанды интеллект пен робот техникасын дамыту жөніндегі ынтымақтастықты бастайды. Сондай-ақ Qazaq AI Research University мен Shanghai Innovation Institute арасында меморандум жасалды.
Білім және ғылым саласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қытайдың Сучжоу университетімен бірлескен институт құру туралы келісімге қол қойып, Jiangsu Huibo Robot Technology компаниясымен де ынтымақтастық орнатты.
Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шанхайға жұмыс сапары нақты экономикалық нәтижелерімен ерекшеленді. Жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісім Қазақстанға инвестиция тарту, жоғары технологияларды енгізу және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды.