Мексикада су басқан кеніште екі апта бойы қалған шахтер тірі табылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Euronews дерегінше, Синалоа штатындағы "Санта-Фе" алтын-күміс кенішінде қалып қойған Франсиско Сапата Нахера құтқарушылардың көмегімен аман-есен жер бетіне шығарылған. Апат 25 наурызда орын алып, кеніш опырылып, шахта суға толған. Құтқарушылар алдымен жиналған суды сорып, кейін ғана жер астына жеткен.
Мексика президенті Клаудия Шейнбаум бұл оқиғаны "керемет құтқару" деп бағалады. Ресми мәліметке сәйкес, тағы екі жұмысшы қаза тапқан, ал бір шахтер бұған дейін тірі құтқарылған.
Алдын ала ақпарат бойынша, апат кеніш құрылымындағы ақаудан туындаған. Соның салдарынан шахтаға су кіріп, төрт адам жер астында қалып қойған. Қалған 21 жұмысшы дер кезінде сыртқа шығып үлгерген.
Құтқару жұмыстары екі апта бойы үздіксіз жүргізіліп, арнайы техникалар мен су сорғыш құрылғылар пайдаланылған. Операцияға әскери күштер де жұмылдырылған. Құтқарылған шахтер кейін тікұшақпен Мазатлан қаласындағы ауруханаға жеткізілді.