Пәкістан Ауғанстан астанасы Кабулға, сондай-ақ Қандағар мен Пактия провинцияларына әуе соққыларын жасады. Соққылардың нысанасы негізгі әскери нысандар болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Ауғанстанның жоғарғы көшбасшысының баспасөз хатшысы Забихулла Моджахид X әлеуметтік желісінде:
"Пәкістан армиясы Кабул, Қандағар және Пактияның кейбір аудандарына әуе соққыларын жасады. Бақытымызға орай, зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ", – деп жазды.
Кабул тұрғындарының айтуынша, олар сегізге дейін жарылыс дыбысын естіген. Әуе соққыларынан кейін атыс басталғаны да хабарланды.
Пәкістан премьер-министрінің шетелдік БАҚ-пен байланыс жөніндегі баспасөз хатшысы Мошарраф Заидидің мәлімдеуінше, шекарадағы қақтығыстар салдарынан қаза тапқан ауған содырларының саны 133-ке жеткен, 200-ден астамы жараланған.
"133 ауған талибының қаза тапқаны расталды, 200-ден астамы жарақат алды. Кабул, Пактия және Қандағар провинцияларындағы әскери нысандарға жасалған соққылардан әлдеқайда көп шығын болғаны болжанып отыр. Ауған талибтерінің 27 бекеті жойылып, тоғызы басып алынды", – деп жазды ол X желісінде.
Сондай-ақ екі корпус штабы, үш бригада штабы, екі оқ-дәрі қоймасы, бір материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасы, үш батальон штабы, екі сектор штабы және 80-нен астам әскери техника, соның ішінде танктер, артиллериялық қарулар мен бронетранспортерлер жойылғаны айтылды.
Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Асиф Исламабад талибтер үкіметіне "ашық соғыс" жариялайтынын мәлімдеді.
"Енді бізде сендермен ашық соғыс болады. Бұл қанды соғысқа айналады. Пәкістан армиясы теңіздің ар жағынан келген жоқ. Біз – көршіміз, сендердің қандай кезеңдерден өткендеріңді білеміз", – деп жазды ол X желісінде.
Министр талибтер үкіметін "Ауғанстанды Үндістанның колониясына айналдырды", "әлемнің түкпір-түкпірінен террористерді жинап, терроризмді экспорттауға кірісті" және "Үндістанның қуыршағына айналды" деп айыптады.
Бұған дейін, 26 ақпанда, ауған әскерилері Пәкістанның шабуылдарына жауап ретінде Дюранд сызығы бойында – Хост, Пактия, Нуристан және өзге де аудандарда Пәкістанға қарсы операция бастаған болатын. Қақтығыстар салдарынан екі тараптан да қаза тапқандар бар.