12 наурыздан бастап Қазақстанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Жаңа тәртіпке сай, бұдан былай кейбір құқықбұзушылықтар бойынша айыппұл инспектордың қатысуынсыз-ақ, бейнебақылау мен цифрлық жүйелер арқылы автоматты түрде рәсімделуі мүмкін, деп хабарлайды Kznews.kz.
Бұған дейін мұндай тетік негізінен жол ережесін бұзуға (мысалы, жылдамдық асыру) қолданылып келсе, енді ол тұрмыстық сипаттағы құқықбұзушылықтарға да тарауы ықтимал. Заң мәтінінде нақты «тұрмыстық құқықбұзушылықтардың» толық тізімі бөлек көрсетілмегенімен, БАҚ пен құқықтық дереккөздер камера арқылы тіркеуге болатын фактілер автоматты тіркеу жүйесіне ілігуі мүмкін екенін айтады.
Мысалы, автоматты түрде тіркелуі мүмкін жағдайлар ретінде мыналар аталады:
- Рұқсат берілмеген жерде темекі шегу. Бұл үшін жеке тұлғаға 15 АЕК (64 875 теңге) айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса 20 АЕК болады.
- Қоқыс тастау. (темекі тұқылы, қағаз, бөтелке және өзге қалдық) Жеке тұлғаға 10 АЕК (43 250 теңге) айыппұл қарастырылған. Бір жыл ішінде қайталанса да 10 АЕК деп көрсетілген.
- Жолды белгіленбеген жерден кесіп өту. Алғаш бұзса 2 АЕК (8 650 теңге), бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК айыппұл салынады.
- Алкогольді түнгі уақытта немесе кәмелетке толмағандарға сату. Мұндай фактілер де бейнебақылау арқылы тіркеліп, жауапкершілікке тарту процесі автоматты түрде іске қосылуы мүмкін.
Жаңа жүйе қалай жұмыс істеуі мүмкін
Өзгерістер енгізілгеннен кейін айыппұлдар қағаз хаттамасыз және инспекторсыз автоматты түрде шығарылуы ықтимал. Көлікке қатысты құқықбұзушылықтарда меншік иесінің жауапкершілігіне қатысты бұрыннан бар арнайы тәртіп сақталатыны да айтылады. Сонымен бірге камера, дрон және «ақылды» бейне-цифрлық жүйелерді қолдану әкімшілік тәжірибеде қалыпты құқықтық нормаға айналмақ.
Дрондар тек тіркеп қоймай, ескерту де жасайды
Жаңа тәсілдің тағы бір ерекшелігі – ұшқышсыз аппараттардың профилактикалық функциясы. Дрондар жарық дабыл элементтерімен және дауыс зорайтқыш құрылғылармен жабдықталып, нақты уақыт режимінде азаматтарға тәртіп сақтауды ескертіп отыруы мүмкін.
Олар қоғамдық кеңістіктерді, жаяу жүргіншілер аймақтарын, аулаларды және адам көп шоғырланатын учаскелерді бақылап, қоқыс тастау, қоғамдық орында түкіру, ұсақ бұзақылық, жолды белгіленбеген жерден кесіп өту сияқты фактілер анықталса, дауыстық ескерту береді.
«Біздің міндетіміз – құқық бұзушылықтарды тіркеу ғана емес, ең алдымен олардың алдын алу. Дауыс зорайтқышпен жабдықталған дрондар құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге және азаматтарға тәртіп ережелерін бірден еске салуға мүмкіндік береді. Бұл – қоғамдық тәртіп мәдениетін қалыптастырып, тәртіпті арттыратын заманауи профилактикалық құрал», - дейді Алматы қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.