Ұлытау облысы Қызылжар ауылының 116 жастағы тұрғыны Түймегүл Темірбаева Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады. Ғасырдан астам ғұмыр кешкен ақ жаулықты әже елдегі маңызды саяси науқаннан тыс қалмай, азаматтық ұстанымын білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
1910 жылы дүниеге келген Түймегүл әже биыл 116 жасқа толған. Ұзақ ғұмыр иесі сайлау учаскесіне барып, Құрылтай депутаттарын таңдауға қатысты.
Оның бұл әрекеті ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтық жауапкершіліктің көрінісі ретінде бағаланып отыр. Ғасырдан астам өмір сүрген әженің саяси науқанға қатысуы кейінгі буынға да үлгі боларлық жағдай.
Түймегүл Темірбаева өмірінің басым бөлігін отбасына және маңдай термен атқарған еңбекке арнаған. Ол жұбайы Аязбай Темірбаевпен бірге жылқы бағып, ауыл шаруашылығында еңбек еткен.
Бүгінде Түймегүл әже – үлкен әулеттің ақылшысы. Оның 15 немересі мен 25 шөбересі бар.
Айта кетейік, Құрылтай сайлауы еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. Азаматтар өздері тіркелген сайлау учаскелеріне барып, елдің алдағы саяси бағытына қатысты таңдауын жасауда.