KZNews.kz
Қоғам

“11 адам қатысты”: Тойды 750 мың теңгеге жасаған жас жұбайлар желі жұлдызына айналды

Ayzhan Sylanova
Фото: әлеуметьік желіден

«Қазақстан» телеарнасының «1001 түн» бағдарламасында эфир қонағы болған жас жұбайлар Кенжебек Зұлқарнаев пен Айдана Хожанова өздерінің шағын әрі үнемді форматта өткен тойлары туралы әңгімеледі. Олар небәрі 750 мың теңгеге неке қиюды қалай ұйымдастырғанын және мұндай шешімге кім бастамашы болғанын ашық баяндады, деп хабарлайды kznews.kz.

Айдананың айтуынша, бұл шешім олардың қарым-қатынасының алғашқы кезеңдерінде-ақ ортақ келісіммен қабылданған. Болашақ жұбайлар үлкен, даңғаза той жасаудың орнына қарапайымдылықты таңдауды жөн көрген.

«Жігіт пен қыз болып жүрген кезімізде-ақ отбасын құру жайын талқыладық. Сол кезде көп шығындалатын салтанатты той жасамаймыз деп бірден келістік. Өзім көпбалалы отбасында өстім, аға-әпкелерімнің тойлары қалай өткенін көрдім. Кей кездері ата-анамның қаржылық тұрғыда қиналып қалғанын байқадым. Сондықтан дәл сондай жағдайды қайталағым келмеді», – дейді Айдана Хожанова.

Жас келіншек дәстүрлі ұзату тойынан да бас тартқанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл да артық шығынға әкелетін рәсім деп есептеген.

«Ұзату тойын өткізуді қажет деп таппадым. Сырға салу рәсіміне тек ең жақын деген 11 адам ғана қатысты», – деді ол.

Ал Кенжебек Зұлқарнаев та жұбайының пікірін қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, шағын форматтағы той олардың отбасылық өміріне әлдеқайда пайдалы болған.

«Тойды үй жағдайында өткіздік. Барлығы 40-50 шақты қонақ шақырылды. Артық шығындалмағанымыздың арқасында жиналған қаржыны маңызды мақсаттарға жұмсадық. Саяхатқа шықтық, ипотеканың алғашқы жарнасына көбірек ақша салдық. Сонымен қатар күнделікті өмірімізге қажет әрі өзімізге қуаныш сыйлайтын дүниелерді алдық», – дейді отағасы.

Жас отбасының бұл таңдауы қазіргі жастар арасында саналы әрі қаржылық жауапкершілікке негізделген шешімдердің көбейіп келе жатқанын аңғартады.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары