Тоқаев мұғалімдерді жөндеу жұмыстары мен оқу процесіне қатысы жоқ шаралардан босатуды тапсырды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

1,08 трлн теңге: жұрт неге зейнетақы жинағын жұмсап жатыр?

1,08 трлн теңге: жұрт неге зейнетақы жинағын жұмсап жатыр?
Фото: afk.kz

Ел тұрғындары зейнетақы жинағын бұрынғыдан да белсенді пайдалана бастаған. Дерек бойынша 2026 жылдың алғашқы жеті айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге 435,2 млрд теңге бағытталған екен. Ал осы кезеңдегі барлық төлемдер мен аударымдар 1,08 трлн теңгеден асты.

Бір қарағанда, бұл азаматтарға берілген әлеуметтік мүмкіндіктің нәтижесі сияқты көрінеді. Алайда, мәселенің екінші жағы да бар. Мәселен, зейнетақы қорындағы ақшаны бүгінгі қажеттіліктерге жұмсаушылар қатарының көбеюі ертеңгі күні әлеуметтік қорғау бағытында проблемаға айналуы мүмкін екен.

Яғни, болашақ зейнеткер жинақ ақшасын жұмсап қойғандықтан, уақыты келгенде өте аз көлемде зейнетақы алатыны анық. Өкінішке қарай, бұл бағыттағы әлеуметтік, экономикалық тәуекел туралы тыңғылықты зерттеу мен түсіндіру жұмыстары мүлдем жүргізіліп отырған жоқ.

БЖЗҚ мәліметінше, 1 тамыздағы жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 28,35 трлн теңгеге жеткен. Бір жылда жинақ көлемі 3,5 трлн теңгеге немесе 14,1 пайызға өскен. Жыл басынан бері зейнетақы шоттарына 2,1 трлн теңгеден астам жарна түскен. Демек, азаматтар жинақтарын пайдаланып жатқанымен, қордағы жалпы қаражат көлемі әзірге өсіп отыр. 

Дегенмен қордың жиынтық көлемінің өсуі әр адамның болашақ зейнетақысы жеткілікті мөлшерде жиналып жатыр дегенді білдірмейді. Мәселен, алғашқы жеті айда зейнет жасына жеткен азаматтарға 170,95 млрд теңге төленген, ал БЖЗҚ-дан орташа ай сайынғы төлем 38 993 теңге болған. Бұл көрсеткіш зейнетақы жинағының көлемі мен нақты зейнеткердің қаржылық жағдайы арасында әлі де үлкен айырмашылық бар екенін көрсетеді.

Жалпы, зейнетақы жинағын тұрғын үйге пайдалану белгілі бір деңгейде түсінікті. Қымбат баспана мен ипотекалық несие жағдайында азамат өз жинағының бір бөлігін пайдаланып, үй мәселесін шешеді. Оның үстіне баспана кейін де актив ретінде қалады. Ал емделуге жұмсалған қаражаттың сипаты басқа, ол адамның денсаулығына инвестиция болғанымен, зейнетақы шотына да, адамның қалтасына да қайта оралмайды.

Сондықтан бұл жерде мәселені тек "азаматтар өз ақшасын пайдаланып жатыр" деп қана қарау жеткіліксіз. Яғни, олар неге болашақ зейнетақысына арналған қаражатқа бүгін соншалықты мұқтаж болып отыр?

Екіншіден, тұрғын үй бағасы табыстан жылдам өскен нарықта адам үй алу үшін зейнетақы қорына жүгіне бастайды екен. Егер медициналық қызмет қымбат болса, емделуге де сол жинаққа қол салады. Осылайша зейнетақы капиталы біртіндеп әлеуметтік "резервтік әмиянға" айналуы мүмкін.

Әрине, жинақтардың өсуі мен инвестициялық табыстың артуы оң үрдіс. Бірақ, зейнетақы жүйесінің тиімділігін тек қордағы триллиондармен өлшеуге болмайды. Ең маңызды көрсеткіш азамат зейнетке шыққанда қанша алады және бұл қаражат оның бұрынғы табысы мен күнделікті шығынын қаншалықты өтей алады деген сұрақ болуы керек.

Демек, 435 млрд теңгенің тұрғын үй мен емделуге жұмсалуы бір жағынан азаматтарға берілген мүмкіндікті көрсетсе, екінші жағынан қоғамдағы маңызды проблеманы аңғартады. Яғни, бүгінгі баспана мен денсаулық мәселесін шешу үшін ертеңгі зейнетақыны жұмсауға мәжбүрлік бар. Демек, отандық зейнетақы жүйесінің болашағын бағалағанда осы пайымды да ескерген маңызды.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.