Еліміздің мемлекеттік қаржы жүйесіне жаңа цифрлық бақылау тетігі енгізілмек. Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк бірлесіп цифрлық теңге пилоттық жобасын іске қосуда.
Жаңа тәртіп бойынша құны 100 млн теңгеден асатын бірқатар бюджет шығындары енді цифрлық формат арқылы өтеді. Жоба аясында ең алдымен ірі инфрақұрылымдық шығындар қамтылады деп күтілуде. Атап айтқанда, жол құрылысы, жаңа нысандар салу, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар сатып алу, жанар-жағармай мен арнайы техника алу сияқты бағыттар осы жүйеге енгізіледі. Сондай-ақ, арнайы мемлекеттік қор қаражаты, бюджеттік кредиттер және ғылыми жобаларды коммерцияландыруға арналған гранттар да цифрлық теңге арқылы бақыланатын болады.
Жаңа жүйенің басты ерекшелігі қаражаттың толықтай бағдарламалануында болып отыр. Яғни әрбір бюджет қаражатына нақты мақсат бекітіліп, ол тек сол мақсатқа ғана жұмсалады. Мысалы, жол құрылысына бөлінген қаржыны басқа қажеттілікке аудару мүмкін болмайды.
Әрбір шығынға бюджетті жоспарлау немесе мемлекеттік сатып алу кезеңінде бірегей идентификатор беріледі. Бұл мемлекетке қаражаттың қозғалысын толық бақылауға, оның қай кезеңде тұрғанын нақты көруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, төлем тек тауар жеткізілгені немесе жұмыстың орындалғаны ресми түрде расталғаннан кейін ғана жүргізіледі. Растау электронды шот-фактура немесе қабылдау актісі арқылы бекітіледі. Осыдан кейін ғана Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк қаражатты цифрлық теңгеге айналдырып, төлемді жүзеге асырады.
Мамандардың пікірінше, бұл жүйе бюджет қаражатының ашықтығын арттырып, тиімсіз шығындар мен жемқорлық тәуекелдерін азайтуы мүмкін. Дегенмен, бағдарламаланған қаржы жүйесі мемлекеттік сатып алудағы икемділікті шектеуі ықтимал деген пікір де бар.
Жалпы алғанда, цифрлық теңгені енгізуге қатысты пилоттық жоба елдің қаржы жүйесінде жаңа бақылау және есеп беру моделін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.